Бейжіңде заңсыз жерасты құрылыстары проблемасы әсіресе қаңтар айының соңында ерекше өткір қойылды. Өйткені астананың Сичэн ауданы тұрғындарының бірі өкімет орындарының рұқсатынсыз өз үйінің ауласында тереңдігі 18 метрлік ұра қазған, бұл төрт көрші үйдің опырылуына және оған жалғас жатқан жолдың бойында үлкен қазаншұңқырдың пайда болуына әкеп соқты.
БАҚ үй иесінің кім екенін жариялағаннан кейін жанжал жұртшылықтың назарын аударды. Ол шығыс-қытайлық Цзянсу провинциясындағы Сюйчуан қаласының заң шығарушысы, халық өкілдері қалалық жиналысының мүшесі Ли Баоцзюнь болып шықты.
Осы оқиғадан кейін қала өкімет орындары заңсыз жерасты бөлмелерін анықтау үшін арнайы топ құрды. Инспекциялық топ құрамындағы техник радардың көмегімен жерасты бөлмелерінің тереңдігін, олардың шамамен алғандағы аудандарын және орналасуын анықтай алады. Егер радар мәліметтері расталса, үй иесі тиісті белгіленген мерзім ішінде жерасты қуыстарын бетонмен немесе басқалай материалдармен толтырып, заңсыз жерасты бөлмесін жоюы тиіс.