Бейжің қаласының мэрі өзінің алғы сөзінде атап өткендей, Бейжіңдегі Астана қаласының Мәдениет күндері екі астана арасындағы достық пен ынтымақтастықтың дамуында үлкен оқиға болып табылады. Қытай мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бергі 20 жыл ішінде екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда ҚР мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық байланыс айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілген. Қытай Қазақстан үшін алғашқы ірі әріптес болып табылса, ал Қазақстан Қытай үшін ТМД елдері арасында Ресейден кейінгі екінші ірі әріптес.
2006 жылы Бейжің мен Астана арасында бауырластық қарым-қатынас орнаған.
«Біз іскерлік байланысты дамыту үшін Қазақстаннан, әсіресе Астана қаласынан келетін кәсіпкерлерді қарсы алуға, гуманитарлық байланыстарды дамытуға дайынбыз. Бейжің тұрғындары қазақ әртістерінің өнерін өте жақсы қабылдайды», - деп атап өтті Бейжің мэрі.
Ал Астана мәслихатының хатшысы Ермек Оспанов өз сөзінде Қытай мен Қазақстан тарихи көрші болса, Бейжің мен Астана бауырлас қалалар болып табылатындығын атап өтті. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қытай елордасында Астананың Мәдениет күндерін ұйымдастыру - екі мемлекет, екі қала арасындағы бауырлас әрі достық қарым-қатынастың дәлелі.