Бейжіңдегі метрода Қазақстанның мәдениеті бейнеленген вагондар пайда болды

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайдың мемлекеттік «Синьхуа» агенттігінің ақпараттық орталығы Бейжіңдегі метрода жолаушыларды «Бір белдеу, бір жол» елдерінің мәдениеті және табиғатымен таныстыру акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы тілшісі.



Метродағы «қазақстандық» вагондарда қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі және киіз үйімен қоса, бүркітшінің аң аулап жатқан сәттегі суреттері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, «Нұр Астана» мешіті, Бәйтерек монументі және Қазақстанның басқа да көрікті жерлері бейнеленген.

«Біздің медиаорталық жолаушылар тасымалдайтын «Цзиньган» метро компаниясымен бірлесе отырып, Сюань Умэнь метро станциясында (метроның 4-ші және 2-ші тармақтарының қиылысында) және метроның 4-желісінде қатынайтын теміржол құрамында «Бір белдеу, бір жол» экспозициясын ұйымдастырды. Оның мақсаты - Бейжің тұрғындарын «Бір белдеу, бір жол» бойындағы елдердің мәдениеті және табиғатымен таныстыру», - деді қазақстандық журналистерге сұхбат беру барысында «Синьхуа» агенттігі ақпараттық орталығының өкілі Цзяо Сюйфэн.

Оның айтуынша, станция арқылы күніне 1,2 млн жолаушы қатынайды. Экспозицияда 12 ел көрсетілген: Қазақстан, Иран, Түрікменстан және т.б.

«Мен 2015-2016 жылдары Қазақстанда болдым, сіздердің елдеріңіздің табиғаты қатты ұнады. Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын қолдайды - оны «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын ұсынғанынан көре аламыз. 2017 жыл ҚР-да Қытай туризмінің жылы болып жарияланды. Қытайлық туристердің Қазақстан туралы жақыннан танысуына мүмкіндік жасаймыз деп ойлаймын», - деп атап өтті ол.

Метро вагондарындағы жарнамалық тақталарда Қазақстан тек мұнай мен астыққа ғана емес, сондай-ақ әсем табиғат пен мәдениетке де бай деп жазылған.

Еске салайық, күн сайын Бейжің метросымен 10 млн-нан астам жолаушы жүреді. 14-15 мамыр күндері Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы аясында халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі форум өтеді. Бұл форумға 29 елдің президенті мен премьер-министрі, соның ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысады.