Бейжіңдегі табиғи саябақта жолбарыс адамды талап өлтірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейжің маңындағы Бадалин жабайы табиғат паркінің келушілеріне Сібір жолбарысы шапты, жараланған әйел көп ұзамай мерт болды, деп жазды «Фачжи ваньбао» газеті.

Оқиға сенбі күні болған. Саябақ аумағында қыдырып жүрген әйелдер автокөліктен шығып, оның қауіпсіздік ережесін бұзған. Жақын маңда жүрген жолбарыс әйелдерді байқап қалып, тұтқиылдан бас салған, деп хабарлады РИА Новости.

Жарақат алған бір әйел оқиға орнында көз жұмды. Жағдайды байқаған парк қызметкерлері келіп, жараланған екінші әйелді ауруханаға жеткізді. Парк екі күнге жабылып, қайғылы оқиға салдарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Басылымның жазуынша, парк қызметкерлері дауыс зорайтқышы арқылы келушілерге автокөліктен шығуға қатаң тыйым салынатынын жиі-жиі ескертеді.

Дәл осындай жағдай паркте 2009 жылы орын алған. Ұлы Қытай қорғанынан өз беттерімен түсіп, парк арқылы жол қысқартқысы келген үш турист Сібір жолбарысына тап келді. Туристердің бірі қаза тауып, екеуі аман қалды.

Бейжің маңындағы Бадалин жабайы табиғат паркі ұлы Қытай қорғанының төменгі тұсында орналасқан. Оның аумағы 400 гектарды алып жатыр және ол - Қытайдағы ірі парктердің бірі. Парк аумағында 10 мыңға жуық хайуанат өмір сүреді, олардың арасында сирек кездесетін Сібір жолбарыстары бар.