Бейжіңге қазақстандық астықты жеткізу мерзімі төрт есеге қысқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола темір жолының Атбасар стансасынан астық тиеген пойыз Бейжіңге тікелей аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 53 жабық вагонынан тұратын салмағы 4,5 мың тонналық жылжымалы құрам белгілі бекетке дейін жолаушылар тасымалы секілді сұрыптау стансаларына соқпай, арнайы бекітілген кестемен жүреді.

«Пойыз жолда бір жарым тәулік жүреді. 36 сағаттан соң Достық стансасына тоқтайды. Пойыз басқа жүк пойыздарына қарағанда төрт есе жылдамдықпен тәулігіне 800 шақырымды алады»,- дейді Атбасар стансасының бастығы Серік Қайниденов.

С. Қайниденовтің айтуынша, «ҚХР кеден қызметі карантиндік талабы бойынша астық қапталуы тиіс. Жеткізу мерзімі шамамен төрт есеге қысқарады. Ол арқылы вагон және жүк айналымы артып, жүк тасымалының сапасы көтеріледі. Жүктің сақталуына кепілдік беріледі».

Жүк жөнелтушілердің атап өткеніндей, аталмыш қызмет түрінің басымдығы жоғары.

«Беркат-Экспорт» ЖШС осы қызмет түрін пайдаланып, Бейжіңге 20 вагон астық жіберді. Бұл компанияның құрылтайшысы Ахмет Огаев аталмыш бағдардың ең тиімді тұсы пойыз бағдарының жедел ұйымдастырылуы екендігін атап өтті.

«Бұрын Қытайға пойыздар біздің жүктерімізді бір аптада жеткізетін. Қазір енді бұған екі ақ күн кетеді. Біз енді аптасына екі рет астық жөнелтеміз. Оның сыртында пойыздың қайда бара жатқанын онлайн режімде бақылай аламыз. Бұл біз секілді жүк жіберушілер ғана емес, теміржолшылардың өздеріне де өте ыңғайлы және табысты жоба болып табылады», - дейді А. Огаев.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ жүйелі оператор ретінде негізгі қызметі  ауыл шаруашылығы өнімін кідіріссіз тасымалдау болып табылады. Осыған байланысты ҚХР теміржолшыларымен бірлесіп ұйымдастырған тікелей бағдар осы.

Биылғы жыл басынан бері Ұлттық оператор 7 миллион тонна астықты тұтынушыларға жеткізді. Оның ішінде 4,6 миллион тоннасы экспортқа шығарылды. Қытайға 320 мың тонна бидай жіберілді.

Атап өтерлігі, қазіргі таңда ҚТЖ-да астық тасымалдаудың жаңа технологиясы енгізілуде. Қазан айында Құрық-Алят-Ахалкалаки- Карс- Мерсин бағдарында жаңа астық тасымалдайтын контейнерлік пойыздың қанатқақты жобасы іске қосылды.

Қараша айынан бастап бекітілген кесте бойынша 74 шаттл астық пойызы жіберілді. Оның ішінде Қостанай -Галаба (ИИР) - 18, Қостанай-Орта Азия -13, Қостанай-Ақтау порты - 25 бағдар ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қостанай - РФ Жаңа порт, Қостанай - Жаңаресей бағдарларына «шаттл» пойыздары ұйымдастырылды.

Бекітілген кестелер бойынша жүк тасымалдауды ұйымдастыру және технологиялық үдерістері жіберілетін уақыты мен жету мерзіміне байланған.