Бейжің АҚШ-ты Тайваньмен ресми байланыстарды тоқтатуға шақырды

Фото: ЕРA/UPG

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай кез келген түрде АҚШ пен Тайвань арасындағы ресми байланыстарға үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеп, Вашингтонды аралмен ресми қарым-қатынасты дереу тоқтатуға шақырды. Бұл туралы ҚХР СІМ ресми өкілі Линь Цзянь айтты, деп хабарлайды Синьхуа.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың Мемлекеттік департаментке Тайваньмен қарым-қатынасты қайта қарап, аралмен байланыстарды тереңдету жөнінде заңға қол қойғаны белгілі болған.

Бұл ақпаратқа түсініктеме беруді сұрағанда, Линь Цзянь Қытайдың ұстанымы айқын әрі өзгермейтінін атап өтті. АҚШ пен Тайвань арасындағы кез келген ресми байланысқа Қытай түбегейлі қарсы. Оның айтуынша, Тайвань мәселесі Қытайдың негізгі мүдделерінің өзегінде тұр және Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастағы «бірінші қызыл сызық» болып саналады.

Қытай дипломаты сондай-ақ «бір Қытай» қағидаты екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың саяси негізі екенін еске салды. АҚШ-тың ҚХР-мен дипломатиялық қатынастар орнату туралы бірлескен коммюникесінде «Америка Құрама Штаттары Қытай Халық Республикасының үкіметін Қытайдың жалғыз заңды үкіметі ретінде мойындайды. Осы контексте АҚШ халқы Тайвань халқымен мәдени, сауда және өзге де бейресми байланыстарды қолдайды» деп нақты көрсетілген.

-Қытай тарапы америкалықтарды «бір Қытай» қағидатын және Қытай мен АҚШ арасындағы үш бірлескен коммюникенің талаптарын адал орындауға, Тайвань мәселесіне аса сақтықпен қарауға, Тайваньмен ресми байланыстарды тоқтатуға шақырады, - деді ҚХР СІМ өкілі.

Айта кетейік, АҚШ-тың Қытайдан ең көп несие алатыны анықталды.