Жиында Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев сөз сөйлеп, қытайлық сарапшыларға стратегиялық құжаттың негізгі бағыттарын жан-жақты таныстырды. Ол әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына, цифрлық трансформацияға, жасанды интеллектіні енгізуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және елдің инвестициялық әлеуетін одан әрі нығайтуға ерекше тоқталды.
Сондай-ақ ол өңірлік тұрақтылықты нығайту, көпжақты ынтымақтастықты кеңейту және орнықты даму қағидаттарын ілгерілету жөніндегі Қазақстанның халықаралық бастамаларын, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының, ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Даму мәселелерін зерттеу орталығының, Қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясының, Шығыс Қытай педагогикалық университетінің, Солтүстік-Батыс университетінің және Ланьчжоу университетінің өкілдері өз баяндамаларын ұсынды.
Қытайдың Қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы Академиялық комитеті хатшысының орынбасары Дин Сяосин биылғы Жолдауда жарияланған «Халықтық құрылыс» ұраны Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа кезеңіне бағыт сілтегенін айтты.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халықтық құрылыс» тұжырымдамасы инфрақұрылымды ауқымды дамытуға, осы уақытқа дейін қалыптасқан әлеуетті тиімді пайдалануға және Қазақстанның дамуының келесі кезеңіне берік негіз қалауға бағытталған, — деді ол.
Оның сөзінше, Қытай кәсіпорындары Қазақстандағы инфрақұрылым нысандарын салуға, соның ішінде теміржолдар мен автомобиль жолдарын, әуежайлар мен ауруханаларды тұрғызуға атсалыса алады. Атом, жылу, жел және күн электр станциялары саласында екі ел арасында ынтымақтастық тәжірибесі қалыптасқан. Бұл бағыттағы жаңа жобалар да қолға алынған.
— Қорыта айтқанда, «Халықтық құрылыс» жобалары Қазақстан экономикасының дамуына ықпал етіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді, — деп түйіндеді ол.
Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының сарапшысы Сяо Бин Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше назар аударды.
— Президент Қазақстан халқына Жолдауында логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берді. Осы тұрғыдан алғанда, «Орта дәліздің» келешегі зор. Өйткені солтүстік бағыттағы жүк тасымалының көлемі артып келеді, ал оңтүстік бағыт әлі де жобалау кезеңінде, — деді ол.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан арқылы өтетін құрлық бағытының тағы бір артықшылығы — климаттың өзгеруіне байланысты теңіз тасымалында жиілеген кедергілерге тәуелді болмауы.
Дөңгелек үстелдің қорытынды бөлімінде қатысушылар Қазақстандағы реформаларды ескере отырып, екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ екі ел арасындағы ғылыми және сарапшылық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.
Бұған дейін Президент Жолдауы Қазақстанның жаңа даму моделін айқындайтыны туралы Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясы ШЫҰ зерттеу орталығының директоры Ли Лифаньның пікірін жариялаған едік.