Бейжіңде Қазақстанның су жөніндегі бастамалары талқыланды

АСТАНА.KAZINFORM - Бүгін Қазақстанның Бейжіңдегі мәдени орталығында Қазақстан мен Қытайдың жетекші сарапшыларының қатысуымен «Су: тұрақты даму және су бастамалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Алғашқы сөзді бастаған Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев халықаралық қауымдастықтың бірлесе күш жұмсауын қажет ететін су проблемаларының жаһандық сипатын және мұның Қазақстан үшін ерекше маңызын атап өтті.

- Осы жағдайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда ШЫҰ су талдау орталығын және БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамалары су проблемаларына жауап ретінде бірлескен шешімдер әзірлеуге ықпал етуге бағытталғаны ерекше маңызды, - деп атап өтті ол.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Қазақ дипломатының айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың су саласындағы ынтымақтастық тәжірибесі екі елге стратегиялық серіктестіктің келесі кезеңіне өтуге мүмкіндік береді.

- Қазақстан мен Қытайдың өзара сенім мен тату көршілік қатынасына негізделген, заманауи ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, су ынтымақтастығының жаңа моделін бірлесіп әзірлеуге үлкен мүмкіндік бар, - деп қорытындылады Шахрат Нұрышев.

Қазақстандық дипломаттар Қазақстанның халықаралық бастамаларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сыртқы істер министрлігінің департамент директоры Дидар Теменов БҰҰ жанындағы Су ұйымын құру жобасын ұсынды. Ал ШЫҰ жанындағы тұрақты өкіл Рақымжан Рахымов ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің су проблемаларын талдау орталығын құру тұжырымдамасын баяндады.

Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығының өкілі Данияр Сағадиев су ресурстарын бірлесіп пайдалану және тұрақты даму үшін ынтымақтастықты дамыту мәселесін қозғады.

География және су қауіпсіздігі институтының өкілі Саят Әлімқұлов өз баяндамасын Қазақстан мен Қытайдың трансшекаралық өзендер бойынша өзара әрекеттесуіне арнады. Ал Қазақ су ресурстарын зерттеу институтының өкілі Серік Саиров климаттың өзгеруі жағдайындағы су ресурстарына назар аударды.

Өз кезегінде қытайлық сарапшылар өз елдерінің су үнемдеу технологияларындағы тәжірибесімен таныстырды және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді.

- Біз су үнемдейтін суару, цифрландыру, қайта өңделген суды пайдалану және құрғақшылықты бақылау салаларында Қазақстанды қоса алғанда, халықаралық серіктестермен практикалық ынтымақтастықты асыға күтеміз, - деп атап өтті Қытай су ресурстары және гидроэнергетика академиясы Су ресурстары институтының директорының орынбасары Хе Фань.

Айта кетейік, Солтүстік Аралға бір жылға жетпей 1,2 млрд текше метр су жіберілді.