Бейжіңде 8 робот энергия блогын жеткізу сапарын Ұлы Қытай қорғанынан бастады
АСТАНА. KAZINFORM — 15 шілдеде «Болашақты энергиямен жарықтандыру» тақырыбымен өтетін Әлемдік гуманоидты роботтар спорттық жарысының ашылу салтанаты Бейжіңде ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды Қытайдың CCTV телеарнасы.
Осыған орай Бадалинде орналасқан Ванцзин мәдени алаңында «Роботтардың энергия блогын жеткізу» атты ерекше іс-шара басталды.
Бұл іс-шара Қытайда жасалған 8 озық гуманоидты роботтың Ұлы Қытай қорғанына шығып, технологияның мұрагерлігін бейнелейтін «энергия блогын» жеткізуімен ерекшеленді. Жарысқа арналған «энергия жеткізу» сериялы іс-шаралары 14 тамызда басталатын спорттық жарыстың ашылуына дейін жалғасады.
Іс-шара роботтар тобының «энергия блогын» алып, Бейжіңнің мәдени мұралары мен белгілі нысандарын аралауы түрінде өтеді. Энергия блогын жеткізудің соңғы нүктесі жарыстың негізгі аренасы — Олимпиадалық ұлттық коньки тебу стадионы болмақ.
Барлық энергия блогы жиналған соң, олар «ақыл-ой өзегі» деп аталатын бірыңғай құрылымға біріктіріліп, жарыстың ашылу салтанатында жарықтандырылады. Бұл «ақыл-ой өзегі» жарыс барысында үздіксіз жанып, жабылу салтанатына дейін жалғасады.
Олимпиадалық алауды жеткізуге ұқсас символдық мағынадан бөлек, «ақыл-ой өзегі» болашақ жарыстарда роботтардың деректері мен естеліктерін сақтап, гуманоидты роботтардың эволюциялық тарихын бейнелейтін нақты нысанға айналады.
2025 жылғы Әлемдік гуманоидты роботтар рпорттық жарысы Бейжің қаласының үкіметі және Орталық радио мен теледидар бас басқармасы сияқты ұйымдардың бірлескен қолдауымен өтеді. Бұл — гуманоидты роботтар қатысатын әлемдегі алғашқы кешенді жарыс және 14-17 тамыз аралығында Бейжіңде ұйымдастырылады. Жарыс негізгі және қосымша бәсекелерге бөлініп, жалпы 21 түрлі сайысты қамтиды.
Жарысты ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, әлемдегі алғашқы гуманоидты роботтардың әлемдік жарысы — ғаламдық жетекші технологияларды, инженерлік өнерді және спорттық рухты біріктіретін ең жоғары деңгейдегі шара.
Қытай бәсекелестік көрсетілім алаңын құру, жарыс сынақтары мен шынайы сценарийлерде тестілеу арқылы гуманоидты роботтар технологиясының жылдам дамуын ынталандыруды және олардың адам өміріне тезірек әрі тиімді енуін мақсат етеді.
Бұдан бұрын Қытай әскери жаттығуларға роботтарды пайдаланып көргенін жазған едік.