Бейжіңде роботтардың марафоны өтіп жатыр

Фото: Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — Роботтар арасында өткен алғашқы жаһандық жартылай марафон — Бейжің Адам тәрізді роботтар марафоны 19 сәуір күні түстен бұрын Қытай астанасының Ичжуан ауданында басталды. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады. 

Спортшылар сөреден бір мезгілде лап қоятын кәдімгі марафоннан айырмашылығы — роботтар жарыс жолына іріктеу кезеңіндегі нәтижелеріне сәйкес кезегімен шығуға тиіс. Дүбірлі доданы биіктігі 1,8 метрге жететін еңгезердей бойымен оқшау көзге түскен «Тяньгун» командасының роботы бастады. Оның қазірге дейінгі ең жақсы нәтижесі — 1 сағатта 12 шақырым қашықтықты еңсерген еді.

Фото: Синьхуа
Фото: Синьхуа

Белгілі болғандай, жартылай марафонға елдің Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу, Цзянсу секілді өңірлерінен 21 кәсіпорын мен жоғары оқу орнының командалары қатысып жатыр. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 21 команданың роботтары 21 шақырымдық жартылай марафон жолында адамзат спортшыларымен бірге «бақ сынасады».

Фото: Синьхуа

Қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін роботтар мен спортшылар бір бағытта жүгіргенімен, олар үшін бөлек жолақтар қарастырылған.

Фото: Синьхуа
Фото: Синьхуа

Бұған дейін Қытайлық компанияның робот-бала күтушісін жасап шығарғанын жазған болатынбыз