Бейжіңде Транскаспий дәлізін дамыту мәселелері талқыланды — шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: Kazinform

Қазақстан былтыр мұнай экспортын рекордтық деңгейге жеткізді

— Eurasia Today

Қазақстанның мұнай экспорты 2025 жылы соңғы он жылдағы ең жоғарғы межеге жетіп, 76,3 миллион тоннаны құрады.

Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі хабарлады. 

Фото: Eurasia Today

Еуразия Тудейдің Ranking.kz порталының мәліметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, шикізаттың 70 пайыздан астамы Еуропаның бес ірі еліне бағытталса, экспорттың негізгі бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанның мұнай экспорты 2015 жылғы 63,6 млн тоннадан 2025 жылы 76,3 млн тоннаға дейін, яғни 20 пайызға өсті. Бұл — соңғы он жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Отандық мұнай экспортында соңғы жылдары тұрақты өсім байқалады. Атап айтқанда, 2022 жылы 65,2 млн тонна, 2024 жылы 71 млн тонна сыртқа шығарылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш тағы 7,4 пайызға артты.

Сондай-ақ 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының (қаңтар-маусым) қорытындысы бойынша Қазақстан 33 млн тонна мұнай экспорттады. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда жеткізу көлемінің 6,7 пайызға қысқарғанын көрсетеді.

Түркі елдері композиторларының одағы құрылды— ӨзА

Баку қаласында Түркі дүниесі композиторларының І құрылтайы аясында Түркі дүниесі композиторларының одағы құрылды. Одаққа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан және Венгрияның жетекші мәдениет ұйымдарының өкілдері кірді. Бұл туралы «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді. 

Фото: ӨзА

Хабарламада айтылуынша, бұл шешім Баку декларациясына қол қою арқылы рәсімделіп, түркі елдерінің композиторлары, музыкатанушылары, орындаушылары және шығармашылық ұйымдары арасындағы ұзақ мерзімді кәсіби ынтымақтастыққа негіз қаланды.

Жаңа ұйым ортақ музыкалық мұраны зерттеу және насихаттау, жаңа шығармалар әзірлеу, тәжірибе алмасу, бірлескен шығармашылық жобалар мен халықаралық мәдени бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған. «Бұл алғашқы құрылтай мен Түркі дүниесі композиторлары одағының құрылуы түркі дүниесінің музыкалық дипломатиясы тарихындағы жаңа бет», — деді Түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова. Құрылтай Бакуде XVIII Узеир Гаджибейли халықаралық музыка фестивалі аясында өтіп жатыр.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да « Қазақстан елшісі Самарқанд университетінде дәріс оқыды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов Самарқанд мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. «Самарқанд мемлекеттік университеті күні» аясында өткен кездесуде елші университет ұжымын мерекемен құттықтап, профессор-оқытушыларға, зерттеушілерге, магистранттар мен студенттерге Қазақстан–Өзбекстан қатынастары, екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндама жасады.

Фото: ӨзА

Кездесуде Самарқанд мемлекеттік университеті мен Қазақстанның жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, мәдени және академиялық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Ералы Тоғжанов Орталық Азия халықтарының тілдері мен мәдениеті институтындағы Абай ғылыми-мәдени орталығы мен қазақ тілі және әдебиеті кабинетінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар Самарқанд облысының әкімі Адиз Бобоевпен кездесіп, өңіраралық байланыстарды және 2030 жылға қарай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу міндетін іске асыру мәселелерін талқылады.

Әлемдік кәсіби шеберлік байқауы басталды — CNR

Шанхайда 48-ші WorldSkills әлемдік кәсіби шеберлік байқауы басталды.

Бұл туралы Қытайдың «Орталық халық радиосы» хабарлады. 

Аталған БАҚ-тың дерегінше, 22 қыркүйекте ашылған байқауға 68 ел мен аймақтан 1385 қатысушы жиналды. Биылғы сайыс «Шеберлер әлемді өзгертеді, шеберлік болашақты нұрландырады» ұранымен өтіп, көлік және логистика, құрылыс, өндіріс пен инженерия, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, шығармашылық өнер мен сән, әлеуметтік және жеке қызметтер сияқты алты бағыт бойынша 64 санатты қамтиды.

Байқауға 71 адамнан тұратын Қытай делегациясы қатысып, барлық санат бойынша өнер көрсетеді. WorldSkills байқауы WorldSkills Expo көрмесімен қатар ұйымдастырылуда. Жарыс 27 қыркүйекте аяқталады.

Қытай мен Орталық Азия елдері Жібек жолы мәдени мұрасын сақтау мәселелерін талқылады — Халық газеті

Қытайдың Дуньхуан қаласында Қытай мен Орталық Азия елдерінің Жібек жолы бойындағы мәдени мұрасын сақтау мәселелеріне арналған семинар басталды. Жиынның негізгі тақырыбы — тарихи және мәдени нысандарды бірлесіп зерттеу, қорғау, сақтау технологияларын жетілдіру және осы бағыттағы трансұлттық ғылыми ынтымақтастықты дамыту. Семинарға Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан 70-тен астам сарапшы мен ғалым қатысты, деп хабарлайды Халық газеті.

Фото: Халық газеті

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, қатысушылар Жібек жолы бойындағы мәдени мұраның ортақ ерекшеліктерін, оны сақтау әдістері мен заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы бұл бағыттағы ынтымақтастық соңғы жылдары нығайып келеді. 2025 жылы Дуньхуан академиясы мен Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және жастар министрлігінің бастамасымен Дуньхуан мәдени мұрасын сақтау жөніндегі Қытай–Қырғызстан бірлескен зертханасы құрылған.

Сондай-ақ осы аптада Халық газетінде «Бейжіңде Транскаспий дәлізін дамыту мәселелері талқыланды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

Бейжіңде Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне арналған жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Жиынға Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Азия мен Еуропаны жалғайтын бағыт бойындағы оннан астам елден 200-ден астам мемлекеттік орган, халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдері қатысып, дәліздің көлік әлеуетін арттыру және тасымал тиімділігін жақсарту мәселелерін талқылады.

Фото: Үкімет

Биылғы қаңтар-шілде айларында Транскаспий бағыты бойынша Қытай–Еуропа жүк пойыздары мен тікелей автомобиль тасымалының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тиісінше 60%-дан және 70%-дан астамға өскен. Қатысушылар теміржол және порт инфрақұрылымын жетілдіру, кедендік рәсімдерді оңтайландыру мәселелерін көтеріп, дәлізді қауіпсіз, тиімді, цифрлық және экологиялық көлік бағытына айналдыру үшін ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты.

Кездесу барысында «Жібек жолы бекеттерін» салу, пайдалану және қызмет көрсету нұсқаулықтары» мен «Қытай мен Еуропа арасындағы Транскаспий автомобиль көлігімен тасымалдау нұсқаулықтары» жарияланды.

Каспий теңізін қорғау мәселелері Тегеранда талқыланды – ParsToday

Тегеранда Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның (Тегеран конвенциясы) Уағдаласушы тараптар конференциясының жетінші сессиясы өтті. Жиынға Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдерінен құралған делегация қатысты, деп жазды ирандық ParsToday ақпарат агенттігі.

Фото: ParsToday

ParsToday ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, сессия барысында Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, бірегей экожүйе мен биоәртүрлілікті сақтау, экологиялық мониторинг жүргізу, деректер алмасу және өңірлік ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды. Жиын Тегеран конвенциясының күшіне енгеніне 20 жыл толған кезеңде өтіп отыр. КС-7 қорытындысы бойынша министрлердің мәлімдемесі мен конференция шешімдері қабылданды. Құжаттарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу бастамасына ерекше мән берілді.

Айта кетейік, Тегеранда өткен КС-7 жұмысына Каспий теңізінің жағалауындағы бес мемлекет — Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстанның өкілдері қатысты.

Кітап оқығандарға ақша төленеді — TRT

Түркиялық «TRT» басылымы қазіргі кезде адамдардың телефоннан немесе компьютерден жағымсыз, мазасыздық тудыратын жаңалықтар мен әлеуметтік желідегі жазбаларды тоқтаусыз әрі ұзақ уақыт бойы қарай беретін «doomscrolling» әдетінен арылтатын жаңа әдіс туралы ақпарат жариялаған. 

Түркия Радио Телевизия порталының дерегінше, Сингапурда азаматтарды жағымсыз жаңалықтарды үздіксіз қарау әдетінен арылтып, кітап оқуға ынталандыруға бағытталған жаңа бастама іске қосылды. Бағдарлама бойынша азаматтар үкіметтің арнайы сайтында күніне кемінде 15 минут кітап оқығанын тіркеп, 1 сингапур долларын ала алады.

Фото: TRT

Ұлттық кітапхана кеңесінің төрайымы Мелисса Тамның айтуынша, оқу әдетін қалыптастыруды шағын әрі қолжетімді қадамдардан бастау көзделген. Бастама зейінді шоғырландыру, сыни ойлау және қиял қабілетін дамытуға бағытталған. Сонымен қатар Сингапур билігі жастардың әлеуметтік желілерді пайдалану уақытын шектеу мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Ел оқушылары 2025 жылғы PISA зерттеуінде оқу сауаттылығы бойынша әлемдік рейтингте жоғары нәтиже көрсеткен.

Сондай-ақ осы аптада басылымында «TRT»-да «Ұйқының сапасы маңызды ма, әлде ұзақтығы ма?» деген тақырыптағы жоғары деңгейдегі ғалымдардың зерттеуі негізіндегі қысқаша танымдық материял жарияланды. 

Фото: TRT

Аталған БАҚ-тың мәлімдеуінше, Бейжің университетінің ғалымдары Ұлыбританияның UK Biobank деректер базасындағы 95 мыңнан астам адамның денсаулық көрсеткіштерін талдап, ұйқының ұзақтығы мен сапасы денсаулыққа байланысты екенін анықтады.

Зерттеуге қатысушылардың ұйқысы жеті күн бойы бақыланып, кейін олар орта есеппен тоғыз жыл бақылауда болған. Нәтижесінде тәулігіне 6–8 сағат ұйықтайтын адамдарда бірқатар аурулардың даму қаупі төмен екені байқалды. Ұзақ REM ұйқысы жүрек жеткіліксіздігі, деменция және Паркинсон ауруын қоса алғанда, 83 аурудың төмен қаупімен, ал терең ұйқының ұзақтығы 2-типті қант диабеті мен клиникалық депрессияны қоса алғанда, жеті аурудың төмен қаупімен байланысты болған. Сонымен қатар ұйқы режимінің тұрақсыздығы немесе 8 сағаттан артық ұйықтайтындарда кейбір денсаулық мәселелерінің жоғары қаупімен байланыстырылды. 

Ғалымдар зерттеу бақылау сипатында болғандықтан, бұл көрсеткіштер ұйқы мен ауру арасында тікелей себеп-салдар байланысын дәлелдемейтінін ескертті.