Бейжіңде Visit Aktobe роуд-шоуы өтті

Фото: Фото: Kazinform

Ақтөбе облысы қытайлық туроператорларға Қазақстан өңірінің туристік әлеуетін таныстырды. Бүгін Бейжіңде Visit Aktobe роуд-шоуы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

««Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталық директоры Ерсайын Сиюновтің сөзінше, Қытайдағы бүгінгі роуд-шоу Ақтөбе облысының туристік әлеуетін дамытуға бағытталған. Қазіргі күні өңірде 30-ға жуық туристік бағыт іске қосылды. Сонымен қатар, болашағы зор бағыттардың бірі - экологиялық туризмді дамыту басты назарда болып тұр.

Ол Қытайда Ақтөбе облысының 12 туристік локациясы таныстырылатынын айтты. Visit Aktobe роуд-шоуы Қытай мегаполисі Шанхай қаласында да өтеді.

Фото: Kazinform

Таныстыру кезінде «Visit Aktobe» туристік ақпараттық орталық» өкілдері іс-шараның кәсіби қатысушыларына Ақтөбе облысындағы туристік орындар туралы баяндап берді.

Бұдан бөлек, Қытайдағы роуд-шоу аясында Қазақстанның туристік сала өкілдері мен қытайлық туроператорлар арасында іскерлік кездесулер, қазақстандық қолөнер шеберлерінен шеберлік сағаттары, бірегей кәдесый мен бұйымдар көрмесі, сонымен қатар ұлттық тәттілерден дәм тату жоспарланған.

2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланғанын еске сала кетейік.

Фото: Kazinform