Бейжіңде жаңа терминдерді қазақшаға аударуға байланысты жиналыс өтті - шетелдегі қазақ баспасөзі

Фото: Фото: weixin.qq.com

«ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Бейжіңде жаңа терминдерді қазақшаға аударуға байланысты жиналыс өтті - CNR

Қытайдың Бейжіңдегі Ұлттар аударма мекемесінде 2023 жылғы жаңа терминдерді қазақшаға аударып бекітуге арналған мамандар жиналысы ашылды.

Атап айтқанда, 2023 жылғы қазақ, тибет, корей тілдеріндегі аударма мамандарының жаңа терминдерді бекіту жиыны 28 қазан күні Бейжің қаласы Хайдян ауданындағы аталған аударма мекемесінің жиын залында өткізілген, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

Басқосуды Қытай Ұлттар аударма мекемесі бастығының орынбасары Бауыржан Нұрмолдаұлы басқарып жүргізген.

Жаңа терминдерді сараптап бекіту жиналысына Қытай Ұлттар аударма мекемесі басшысының орынбасарлары Жин Ингау, Уан Жянго қатарлы басшылар арнайы келген.

Аталған басқосудың басталу салтанатты шарасынан кейін жоғардағы үш ұлт тіліндегі талқылау жеке-жеке жалғасқан.

Фото: mp.weixin.qq.com

Қазақ тіліндегі мамандардың талқылау жиналысына Ұлттар аударма мекемесі қазақ тілі бөлімінің бұрынғы меңгерушісі Жарқын Сағатұлы қатарлы мамандар бастаған Бейжіңдегі Ұлттар баспасы, Қытай Ұлттар аударма мекемесі, Орталық халық радио-телевизия бас станциясы сынды мекеме орындардан арнайы мамандар келген.

Ал Шыңжаң газеті бас редакторының орынбасары Нұржан Жанатқанұлы, Шынжаң газетінің бұрынғы бас редакторының орынбасары Жапарбек Әбілажыұлы қатарлы басшылар мен мамандарды қамтыған Шыңжаңдағы баспасөзбен оқу-білім саласынан 10-нан астам тіл және аударма мамандары онлайн қатысқан.

«Қытай Ұлттар аударма мекемесі қазақ тілі бөлімі меңгерушісінің орынбасары Құрбан Шапағатұлы бір жарым күнге жалғасатын осы жолғы талқылауда жалпы 200-ден астам жаңа терминдер мен атау сөздер қолданысқа енгізілетінін, осыған орай тілші мамандардың белсене ақыл-кеңес беруі керек екенін айтты», деп жазады Қытайлық БАҚ.

Қазақстан «Жаңа алтын 30 жылдық» атты деректі фильмін ұсынды – «Халық газеті»

ҚР Президентінің телерадиокешені Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайда 17-18 қазан күндері өткен ресми сапарына орай түсірілген деректі фильмді ұсынады.

«Жаңа алтын 30 жылдық» деп аталатын деректі фильмде ресми сапардың Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің келіссөзімен басталғаны баяндалады.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» хабарлады.

Фото: kaz.people.cn

Қазақстан Мемлекет басшысының сол күні Бейжің Тіл және мәдениет университетіне барып, оқу ордасының аумағына қойылған ұлы ғалым, әлемнің екінші ұстазы атанған ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бюстін ашу салтанатына қатысқаны, сол жерде ұстазы профессор Лю Шициньмен және оқып жатқан қазақ студенттерімен кездескені де фильмге арқау болған.

Еске сала кетейік, келіссөз барысында еларалық сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы ықпалдастықты дамыту мәселелері талқыланып, нәтижесінде қос тарап маңызды құжаттарға қол қойылған.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, деректі фильмде ҚР Президентінің қытайдың SINOPEC, YTO Express Co., Ltd, CRRC Сorporation Limited сынды компанияларының басшыларымен жүздесіп, экономикалық байланыстарға баса мән берілгендігіне де назар аударылады.

Шавкат Мирзиёев Ерлан Қошановты қабылдады - «ӨзА»

26 қазанда Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Өзбекстанға сапармен келген Қазақстан Республикасы Парламент Мәжлісінің Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады.

Кездесудің басында Қазақстан Мәжілісінің Төрағасы Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді, деп хабарлады өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Фото: uza.uz

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, сұхбат барысында екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелері талқыланған. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар тұрақты нығайып келе жатқаны атап өтілді. Өзара сауда көрсеткіштері мен бірлескен кәсіпорындардың саны тұрақты өсуде, автомобиль жасау, тоқыма, электротехника, логистика және басқа да салаларда кооперация жобалары жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар бұл кездесуде Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Заң шығару палатасы мен Қазақстан Республикасы Парламент Мәжлісінің арасындағы Парламентаралық кеңестің бүгінгі өткен бірінші отырысының жемісті нәтижелері атап өтілгенін айтады өзбекстандық БАҚ.

Сондай-ақ, «ӨзА» ақпараттық агенттігінде «Өзбекстан мен Қазақстан ынтымақтастығы Орталық Азия дамуының драйвері болып табылады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Бұнда ӨР Олий Мажлис Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева мен Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың кездесуі туралы айталады.

Бұл ақпаратта ежелден бауырлас өзбек пен қазақ халқының өткені мен бүгіні, арманы мен мұраты ортақ екені сөз болаады. Екі ел арасындағы ғана емес, сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді шешу үшін күш-жігерді біріктіруде маңызды рөл атқаратыны сөз болған.

Мемлекет басшыларының өзара сенімі мен берік саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа негізделген қарым-қатынастар жоғары деңгейге көтерілгені тілге тиек етілген.

Фото: uza.uz

Тоқтарбек Таңатқанұлы мен алғашқы жаттықтырушысы қатар марапатталды - CNR

Бокстан Ханжчоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарының чемпионы Тоқтарбек Таңатқанұлын өзінің туған жерінде Алтай қалалық парткомының орынбасары Жеңісхан Құрманұлы 100 мың юаньмен (6,5 миллион теңге) арнайы марапаттады, - деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.

Аталған басылымның дерегінше, Алтай қалалық партком басшылары Таңатқанұлын марапаттау үшін оның үйіне арнайы барған.

Қала басшылары халықтың ықыласты сәлемі мен ізгі тілегін жеткізіп, әрі 100 мың юань сыйлық ақша ұсынумен қатар, Тоқтарбектің алғашқы жаттықтырушысы Мұрат Бошайұлына 50 мың юань ақша сыйлап, дарынды боксшыны баулыған ұлағатты еңбегіне шынайы алғыс білдірген.

Сондай-ақ, Тоқтарбектің үйіне амандаса барған жергілікті атқамінерлер осындай чемпионды ержеткізген Тоқтарбектің ата-анасына да алғыстарын білдірді.

Шара барысында Тоқтарбек ендігі арманы Олимпиаданы бағындыру екенін де айтты.

Фото: kazakcnr.com

Тоқтарбек Таңатқанұлы бұл жолғы Азия ойындары өзі үшін үлкен тәжірибе болғанын, ендігі мақсат - келесі жылы өтетін төрт жылдық дода Олимпиада ойындарында топ жару екенін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, қытайда тұратын қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанұлы Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында 80 келі салмақта жұдырықтасып, бас жүлдені қанжығасына байлаған болатын.

Ол финалда атақты филиппиндік боксшы Эумир Феликс Марсьяльмен жұдырықтасып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп қана қоймай, Париж Олимпиадасының жолдамасына да қол жеткізді.

Веломарафоншы марафонын Республика күніне арнады «TRT»

Соңғы кезде қазақ жастарына үлкен үлгі болып жүрген журналист, аудармашы, веломарафоншы Ернат Мелсұлы Республика күніне орай Астана қаласында «Сұржекейімен» 106 шақырымды бағындырды. Ол Түркияның Қазақстандағы Елшілігі ғимараты маңынан басталған 106 шақырымдық марафонды 6 сағатта бағындырды.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, Мелсұлы Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуына орай Түркия және Қазақстанның туымен безендірілген велосипедімен Астанада 100 шақырым жолды жүріп өтті. Соло марафонын Астанадағы Ататүрік ескерткішінің алдында аяқтаған Мелсұлын түрік елшісі Мұстафа Капуджу қарсы алды.

Белгілі велошабандоз сол жерде Түркияның беделді «АА» агенттігіне сұхбат берген.

Фото: trt.net.tr

Түркиялық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, былтыр ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Ернат Мелсұлы қайраткердің мерейтойына орай туған топырағы Торғайдан шығып, 55 күн жүріп, Стамбул қаласына дейін 5555 шақырым жолды велосипедпен жүріп өткен.

«Веломарафоншы келесі жылдың сәуір айында Түркиядан бастап, Еуропа құрлығының 10 мемлекетін көктей өтіп, жазғы Олимпиада ойындары ұйымдастырылатын Париж қаласына дейін баруды жоспарлап қойған. Ол бұл шеруін академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл және мұсылман халықтары арасынан тұңғыш болып таэквондадан 6-дан иегері атанған Мұстафа Өзтүріктің туғанына 70 жыл толуына орай өткізеді», деп жазады «TRT».

Сондай-ақ, осы аптада түркиялық басылымда «Астанадағы орталық көшеге «Анадолы» аты берілді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

«TRT»-ның дерегінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуына орай Астанадағы бір көшеге «Анадолы» атауын беру туралы жарлық жариялаған екен.

Соған сәйкес Қазақстанның бас қаласы Астанадағы орталық көшелердің біріне «Анадолы» атауы берілген.

Аталмыш шараға Түркияның Қазақстандағы өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу Астананың "Нұр Әлем" кешені сияқты танымал туристік орындар орналасқан аудандағы көшеде өткен салтанатты рәсімге қатысқан.

Фото: trt.net.tr

Ирандағы Бас консул Амирабад порттары және теңіз істері басқармасының бас директорымен кездесті - «Parstoday»

Қазақстанның Ирандағы Бас консулы Ербол Ахметов Амирабад порттары және теңіз істері жөніндегі бас директоры Мұхаммад Әли Мусапурмен кездесіп, пікір алмасты.

Мұхаммад Әли Мусапур Ербол Ахметовпен кездесуінде қолда бар қуаттарға, кең мүмкіндіктерге, заманауи порт және теңіз жабдықтарына тоқталған. Сонымен қатар ол Иран мен Қазақстан арасындағы Амирабад портында орналасқан екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастардың дамуына баса назар аударды, деп хабарлады «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Фото: parstoday.ir

Ирандық басылымның дерегінше, Мусапур Бандар Амирабадтың солтүстік-оңтүстік дәлізіндегі стратегиялық орналасуына, сондай-ақ Қазақстан мен Бандар Амирабад порттары арасындағы сауданы арттыру үшін теміржол және логистикалық әлеуетті пайдалануға назар аударған. Бұл кездесу таяу болашақта екі ел арасындағы экономикалық дамудың және теңіз саудасының өзара әрекеттестігінің жаңа дәуірінің бастамасы болатынына үмітті екенін айтқан.

Сонымен қатар Қазақстанның Бас консулы Иран мен Қазақстан елдері арасындағы екіжақты ынтымақтастығы қолайлы жағдайда екенін және болашақта сауда көлемінің артатынына сенім білдірген.