Бейжіңдегі роботтар жарысында көше биі көрермен назарын аударды – шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: mp.weixin.qq.com

«Алтайым» телехикаясы Қытай телевизиясының «Алтын бүркіт» сыйлығына төрт аталым бойынша ұсынылды – Жэньминь жибао

Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі жазушы Ли Жуанның аттас шығармалар жинағы негізінде түсірілген «Алтайым» қысқаметражды телехикаясы Қытай телевизиясының «Алтын бүркіт» сыйлығының төрт аталымы бойынша ұсынылды, деп хабарлайды «Жэньминь жибао».

Қытайлық басылымның келтірген деректеріне сүйенсек, 25 тамызда Қытай телевизиясының 33-ші кезекті «Алтын бүркіт» сыйлығына үміткерлердің ресми тізімі жарияланды. Тізімге сәйкес, «Алтайым» телехикаясы «Үздік телетуынды», «Үздік сценарий», «Үздік режиссер» және «Үздік әйел рөлі» аталымдары бойынша ұсынылған.

«Алтайым» телехикаясы Шыңжаң жазушысы Ли Жуанның желілес шығармалар жинағы негізінде түсірілген. Туындыда Алтай өңірінің табиғаты, тұрмыс-тіршілігі мен жергілікті халықтың өмірі көркем баяндалады.

Айта кетейік, Қытай телевизиясының «Алтын бүркіт» сыйлығы – елдегі телевизия өнері саласындағы беделді марапаттардың бірі. Сыйлыққа ұсынылған туындылар мен шығармашылық топ мүшелері Қытай телевизия индустриясының жыл ішіндегі үздік жетістіктерін танытатын маңызды жобалар саналады.

– «Алтайымның» бірден төрт негізгі аталым бойынша ұсынылуы – туындының көркемдік деңгейі мен идеялық мазмұнына, сондай-ақ Шыңжаң тақырыбындағы телевизиялық шығармалардың дамуына берілген жоғары баға ретінде бағаланып отыр, – деп жазады қытайлық БАҚ

Айта кетейік, «Алтайым» телехикаясы Шыңжаңның жергілікті тақырыптарын заманауи телевизиялық форматта көрсетуімен ерекшеленеді.

Қазақстан мен Өзбекстан ядролық және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылады – ӨзА

Өзбекстанда Қазақстан мен Өзбекстан өкілдері ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. «Узатом» агенттігінде өткен кездесуге Өзбекстанның тиісті министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев бастаған қазақстандық делегация қатысты. Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Хабарламада айтылғандай, тараптар Өзбекстанда жүзеге асырылып жатқан атом электр станциясы жобасының техникалық және экологиялық аспектілері, қауіпсіздік шаралары мен экологиялық мониторинг жүйесі жөнінде пікір алмасты.

Фото: uza.uz

«Узатом» агенттігінің директоры Азим Ахмедхожаев атом бағдарламасын іске асыруда қауіпсіздік басты басымдық екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық талаптар халықаралық стандарттармен үйлестіріліп, ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік жүйесі кезең-кезеңімен қалыптастырылып жатыр. Қазақстан тарапы өңірде атом энергетикасын қауіпсіз дамыту және экологиялық қауіпсіздік саласында тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.

Тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға, «Жол картасын» әзірлеуге және сарапшылар арасындағы тұрақты диалогты жолға қоюға келісті.

Иранның «Сепеһр туралы аңыз» мультфильмі Ресей кинотеатрларында көрсетіле бастады – Eurasia Today

Иранның «Сепеһр туралы аңыз» анимациялық фильмі Ресейдің 89 кинотеатрында прокатқа шықты. Осыған орай Мәскеуде фильмнің тұсаукесер рәсімі өтіп, шара Иранның Минаб қаласында қаза тапқан балаларды еске алуға арналды. Іс-шараға Иранның Ресейдегі елшісі Казем Джалали, кино саласының өкілдері мен көрермендер қатысты, деп хабарлайды Eurasia Today ақпарат агенттігі. 

Аталған басылымның дерегінше, Иран елшісінің айтуынша, рәсім барысында Минабтағы «Шажара Таййиба» мектебінде қаза тапқан оқушылардың фотосуреттері көрсетілді. Ол мультфильмнің Ресей кинотеатрларында көрсетіле бастауы екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Фото: eurasiatoday

«Сепеһр туралы аңыз» — отбасы, жауапкершілік пен батылдық құндылықтарын арқау еткен отбасылық анимациялық фильм. Сюжетте жасөспірім Сепеһр мен оның серігі Бабудың отбасы мен Отанын қорғау үшін қауіпті сапарға аттануы баяндалады.

Сондай-ақ осы аптада Eurasia Today басылымы «Иранның Қытайға мұнай экспорты өзгеріссіз жалғасуда» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Фото: Eurasia Today

АҚШ-тың Иранға экономикалық қысымды күшейту әрекеттеріне қарамастан, Иран мұнайының Қытайға экспорты өзгеріссіз жалғасып жатыр. Еуразия Тудейдің «New York Times» басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, Қытай мұнай өңдеу зауыттары тәулігіне шамамен 1,2 млн баррель Иран мұнайын қабылдауда. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен шамалас.

Мұнай саудасы санкцияларды айналып өту тетіктері, соның ішінде кемеден кемеге жүк тиеу және төлемдерді юань немесе криптовалюта арқылы жүргізу тәсілдері арқылы жүзеге асырылып жатыр.

АҚШ Иранға қысымды арттыруға ұмтылғанымен, Қытайдың ірі банктері мен қаржы институттарына екінші реттік санкциялар енгізуге әзірге бармай отыр. Басылымның жазуынша, Вашингтон мұндай қадамның Пекинмен арадағы сауда қатынастарына кері әсер етуінен қауіптенеді. Осыған байланысты АҚШ әкімшілігі Иранға қарсы санкциялық қысымды күшейту мен Қытаймен экономикалық байланыстарды сақтаудың арасындағы тепе-теңдікті іздеп отыр.

Бейжіңдегі роботтар жарысында көше биі көрермен назарын аударды – CNR

Бейжіңдегі Мемлекеттік мұз айдынында II Дүниежүзілік адам пішінді роботтар спорт жарысы өтіп жатыр. Биылғы дода бағдарламасына бірнеше жаңа спорт түрі енгізіліп, олардың қатарында көше биі мен спорттық би көрермендердің ерекше назарын аударды, деп хабарлайды Қытайдың Орталық халық радиосы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, жарыс барысында адам пішінді роботтар қозғалысты басқарудың күрделі элементтерін меңгеріп, музыканың ырғағына дәл ілесіп, түрлі би қимылдарын орындады. Роботтардың күрделі әрі үйлесімді қозғалыстары олардың техникалық мүмкіндіктерін көрсетіп, жарысқа қатысушылардың жоғары деңгейдегі технологиялық әзірлігін танытты.

Сонымен қатар осы аптада «CNR» басылымында «Адам пішінді робот 100 метрге жүгіруден адамзат рекордын жаңартты» деген тақырыпта ақпарат жарық көрді.

Фото: mp.weixin.qq.com

Келтірілген деректерге сүйенсек, Бейжіңде өтіп жатқан II Дүниежүзілік адам пішінді роботтар спорт жарысы аясындағы 100 метрге жүгіруден дайындық бәсекесінде адам пішінді робот адамзаттың осы қашықтықтағы рекордын жаңартты. Жарыста «Тяньчжо» командасының роботы қашықтықты 9,39 секундта жүгіріп өтіп, бұған дейінгі өз нәтижесін жақсартты. Сондай-ақ ол адамзаттың 100 метрге жүгірудегі 9,58 секундтық әлемдік рекордын басып озды.

Жарыс басталған сәтте үш робот бір мезетте жүгіріп, «Тяньчжо» командасының роботы мен «Фыңхуо Шандян» командасының роботы мәреге дейін қатарласа жарысты. Қашықтықтың соңғы бөлігінде «Тяньчжо» роботы жылдамдығын арттырып, қарсыласынан озып шықты. Нәтижесінде адам пішінді роботтар арасындағы 100 метрлік жарыста жаңа рекорд тіркелді.

Қорғас халықаралық орталығына биыл 5 миллионнан астам адам кіріп-шықты – Халық газеті

Фото: Халық Газеті

Қытай-Қазақстан Қорғас халықаралық шекара ынтымақтастық орталығына биыл кіріп-шыққандар саны 5 миллионнан асты.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың Халық газеті басылымы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, 13 тамызға дейін орталыққа келгендердің жалпы саны 5,12 миллион адамға жеткен. Туристік маусым кезінде шекаралық сапар, траншекаралық саяхат және сауда туризміне қызығушылық артып, орталыққа тәулігіне 30 мыңнан астам адам келіп жатыр.

Келушілер санының өсуіне байланысты орталықтың бірлескен тексеру залындағы барлық өткізу жолдары іске қосылды. Атап айтқанда, 32 арнайы қызметкер тексеретін жол және 22 жедел тексеру жолы толық жұмыс істеп тұр.

Бішкекте көше аттары ұлттық сипатқа ие болды – TRT

Бішкекте әкімшілік-аумақтық реформадан кейін көше атауларын ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Қайталанатын атауларды жою және көлік бағыттарын оңтайландыру мақсатында бірқатар көше мен даңғыл біріктіріліп, оларға қырғыздың ұлттық тарихы мен мәдениетіне қатысты жаңа атаулар берілді. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, қалалық кеңес шешіміне сәйкес, негізгі магистральдардың қатарынан «7 сәуір», Путепроводная, Молодая гвардия, Селекционная, Муромская, Победа, Васильевский тракт, Максим Горький және басқа да атаулар алынып тасталды. Енді қаладағы негізгі даңғылдар мен көшелер Шу, Жібек жолы, Шыңғыс Айтматов, Аалы Тоқомбаев, Манас, Шабдан батыр, Жүсіп Абдрахманов, Құрманжан Датқа, Иманалы Айдарбеков, Абсамат Масалиев және Анкара сияқты атаулармен белгіленеді.

Фото: trtkazakh.com

Өзгерістер аясында бірнеше көше бір атауға біріктірілді. Мәселен, Шу, Дэн Сяопин(Қытайдың бұрынғы көшбасшысы), Шабдан батыр және бірқатар магистральдар Шу даңғылының құрамына енсе, Шу мен Жібек жолы және Победа даңғылдары Жібек жолы даңғылы болып біріктірілді.

Максим Горький мен Анкара көшелері Анкара көшесі, Лев Толстой, Путепроводная және Сары-Өзен көшелері Шабдан батыр көшесі болып қайта аталды. Әкімшілік аумақтың кеңеюіне байланысты енгізілген өзгерістерден кейін Бішкек мэриясы қоғамдық көлік бағыттарын, аялдама ақпараттарын, кадастрлық және цифрлық мекенжай карталарын жаңартуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ осы аптада «TRT» басылымында «Ресей мұнайы Қазақстанда өңделеді» деген тақырыптағы ақпарат жарық көргенін айта кету керек. 

Келтірілген деректерге сүйенсек, Қазақстан мен Ресей Ресей мұнайын Батыс Қазақстан облысындағы «Конденсат» мұнай өңдеу зауытында өңдеу шарттары бойынша келісімге келді.

Бұл туралы түркиялық БАҚ ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баспасөз мәслихатына сілтеме жасап мәлімдеді.

Ерлан Ақкенженов айтуынша, өңделген мұнайдан алынатын өнімнің шамамен 30 пайызы Қазақстанның ішкі нарығында қалады, ал қалған бөлігі Ресейге жөнелтіледі. Ресей мұнайы зауытқа теміржол арқылы жеткізіледі. Өйткені кәсіпорын географиялық орналасуына байланысты Қазақстанның да, Ресейдің де мұнай құбыры желісіне қосылмаған.

Министрдің мәліметінше, Ресей мұнайын «Конденсат» зауытына жеткізу жақын арада басталуы мүмкін. Қазіргі уақытта кәсіпорында қайта жаңғырту және өндірістік қуатын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зауыт Батыс Қазақстан облысында, Ресей шекарасына жақын орналасқандықтан, мұнай жеткізу көлемі теміржол тасымалының мүмкіндігіне байланысты болады.