14:29, 26 Наурыз 2009
Безгек ауруына шалдығу қаупі жоғары елдерге сапар шеккенде аурудың алдын алатын дәрілерді қабылдаған жөн ? А.Жолшарынов
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстандықтар безгек ауруына шалдығу қаупі жоғары – Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан және Ауғанстан елдеріне сапарға шыққанда осы аурудың алдын алатын дәрі-дәрмектерді қабылдағаны жөн.
Бұл туралы бүгін өткен дөңгелек үстелде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің басқарма бастығы Айтмағамбет Жолшарынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 2002 жылдан бері республика аумағында жергілікті деңгейде безгек ауруына шалдығудың бір де бір оқиғасы болмағанымен, Әзірбайжан, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Пәкістан және Өзбекстан елдерінен сапардан және көшіп келген азаматтардың инфекцияны алып келуінің жекелеген фактісі тіркелген. Безгек инфекциясы шыбын-шіркей көбейген маусым - шілде айларында өрши түседі. Оның белгілерінің бірі ? дене қызуының жоғары болуы, қалтырап тоңу. А.Жолшарынов Қазақстанда безгек тарататын масалардың түрі көп болуы, көші-қон үрдісі, жағымды климат жағдайы мен жаһандық жылу - індеттің елде қайта өршуіне бірден-бір себеп болуы мүмкін дегенді алға тартты. Елде безгекке шалдығудың қаупі жоғары аймақтарға - Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы жатады.