Безос пен Санчестің үйлену тойының соңғы күні наразылық акцияларына ұласты

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — «Эксплуатация мен тұтынуға жол жоқ!» деген ұранмен жүздеген адам Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос пен тележүргізуші Лорен Санчестің үйлену тойы өткен Венеция көшелерімен наразылық шеруін өткізді, деп жазады Euronews.

Венецияда Amazon негізін қалаушысы Джефф Безос пен тележүргізуші Лорен Санчестің үйленуіне арналған салтанатты шаралар аяқталды. «Ғасыр тойы» аталып кеткен сән-салтанаттың жалпы құны шамамен 42 миллион еуроға бағаланған. Мерекелік шаралар бейсенбіден бастап бірнеше күнге созылды. Осы уақыт ішінде қалада наразылық шаралары да тоқтаған жоқ.

Сенбі күні жүздеген адам Венецияның көшелері мен алаңдарымен шеру өткізіп, өз наразылығын білдірді.

Фото: Видеодан скрин

«Безосқа орын жоқ!» атты науқан ұйымдастырушылардың бірі «адамдар тойдың өзіне емес, Венецияны тек тұтыну үшін келетін орынға айналдыруға қарсы наразылық білдіруде» дейді. Активист Марта Сотторива Безосты «қанаудың есебінен байлыққа кенелген адамның символы» деп атады.

Фото: dzen.ru

Наразылық шаралары жұлдызды жұп пен олардың қонақтары Лагунаға келмей тұрып бірнеше күн бұрын басталған. Жұма күні кешке, үйлену тойының қарсаңында Леонардо Ди Каприо, Кардашьян апалы-сіңлілері, Том Брэди, Орландо Блум, Иванка Трамп пен Билл Гейтс сияқты жұлдыздар мен танымал кәсіпкерлер бар VIP-қонақтар жиналған сәтте Әулие Марк алаңындағы қоңырау мұнарасында «Патшаларға жол жоқ, Безосқа да жол жоқ. Олигархтар кетсін!») деген сөздер лазермен проекцияланды.

Фото: gazetaexpress.com

Сәрсенбіде белсенділер жалған долларларға толы қолдары бар Amazon қорабы бейнесіндегі қуыршақты Гранд-каналға ағызып жіберді.

Фото: Видеодан скрин

Алғашында тойды Scuola Grande della Misericordia ғимаратында өткізу жоспарланған, алайда наразылықтар әсерінен мереке қаланың орталығынан тыс орналасқан венециялық Арсеналға ауыстырылды.

БАҚ мәліметінше, бұл «ғасыр тойы» Венецияға жылдық туристік табысының 70%-ына дейін пайда әкелген болуы мүмкін еді.

Бұдан бұрын 18 маусымда венециялық белсенділер Джефф Безостың тойына қарсылық танытып жатқанын жазған едік.