ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңірге жұмыс сапарымен келген «BG Қазақстан» компаниясының президенті Питер Костелло мен «BG Group» (Би Джи Групп) компаниясының бас атқарушы директоры Хельге Лунд және Астана қаласындағы «BG Қазақстан» компаниясының корпоративтік саясат жөніндегі вице-президенті Зарина Бакенованы қабылдады.
Кездесуде Қарашығанақ кенішін одан әрі игеру, оның болашағы, өнімдерін әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті бағамен тасымалдау мәселелері талқыланды. Бұл ретте өңір басшысы аталмыш компаниямен алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс жасауға ниетті екендігін жеткізді.
«BG Group» компаниясының бас атқарушы директоры Хельге Лундтың сөзіне қарағанда, олардың осы жолғы сапары барысында Қарашығанақ кенішінде түрлі жобаларды жүзеге асыру жайы қарастырылған. Бұл орайда Қазақстан мұнайгаз саласындағы басты әріптестердің бірі болып табылады.
Айта кетейік, энергетика саласындағы алдыңғы қатардағы халықаралық «BG Group» компаниясы - сұйытылған табиғи газды барлау мен өндірудегі әлемдегі көшбасшы компаниялардың бірі. Оның филиалдары дүние жүзінің көптеген елдерінде бар. Соның ішінде компанияның «BG Қазақстан» бөлімшесі Қарашығанақты игеріп жатқан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының өндіріс және қаржылық қызметіне, сондай-ақ бизнес саласына басшылық жасайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).