БҒМ-ге жоғары оқу орындарында отбасылық психолог дайындайтын кафедралар ашу туралы ұсыныс жасалмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігіне депутаттық сауал жолдап, жоғары оқу орындарында отбасылық психолог дайындайтын кафедралар ашу туралы ұсыныс жасау жоспарлануда. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы айтты.

«Мен Білім және ғылым министрлігіне депутаттық сауал жолдап, жоғары оқу орындарында отбасылық психолог дайындайтын кафедралар ашу туралы ұсыныс жасауды жоспарлап жүрмін. Мәселен, Мәскеуде бірнеше жылдан бері жоғары оқу орындарында отбасылық психолог дайындайтын факультеттер бар. Біз тәуелсіздік алғалы бері мұндай мәселені көтерген емеспіз. Осы мамандық бізге өте қажет. Әрине, психологияның салалары өте көп, ал бізге қазіргі кезде ең керегі отбасылық психологияны жетік білетін мамандар болып отыр», - деп атап өтті ол. Сонымен қатар халық қалаулысы қазіргі кезде ұл мен қызды тәрбиелеудің өте қиын екені жасырын еместігін баса айтты. Әсіресе, өте өзгеріп, күрделенген мектеп бағдарламасымен бірінші сыныпқа дайындау бала үшін өте қиынға соғады. Сондықтан Астанада Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Ата-аналар университеті құрылған. «Мен алғашқы жылдардан бастап аталған университетті басқаратын София Евдокимованың еліміздің түкпір-түкпіріндегі психологтарды жинап, оларға Мәскеуден, Алматыдан, Астанадан тәжірибелі психологтарды шақырып, лекция оқытқанын жақсы білемін. Баланы мектепке берген кезде, баламен бірге ата-анасы да дайындалуы керек. Міне, осы тұрғыдан Ата-аналар университеті өте жақсы жұмыс істеп жатыр», - деді депутат. Оның мәліметінше, сондай шаралардың бірі ертең өтеді. «Бүкіл республика бойынша 1500 психолог ата-аналарға лекция оқиды. Жалпы, қазіргі кезде кез келген ата-анаға өз мәселесімен өзі ғана қалуы өте қиын. Сондықтан ғалымдардың, зерттеушілердің, тәжірибелі ұстаздардың тәжірибесін жинақтап, зерттеп, зерделеп, қай жерінде кемшілік бар дегенді бақылап отырған осы инсититут», - деп атап өтті О.Асанғазы.