Биатлон: Галина Вишневская әлем кубогы кезеңінде 11-інші орынды иеленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Рупольдинг қаласында бүгін мәреге жеткен биатлоннан әлем кубогының бесінші кезеңінде қазақстандық спортшы Галина Вишневская 10 шақырымға ізге түсіп жарысуда 11-інші орынды иеленді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еуроспорт телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, жарыс жолына Г.Вишневская сегізінші болып шықты. Өйткені осының алдындағы спринттік бәсекеде Галина мәреге сегізінші болып жеткен еді. Бұл жолы биатлоншылар жарыс барысында екі рет жатып, сонша рет тұрып нысана көздеуден де бәсекеге түсті. Екі рет  мүлт кеткенмен, ұшқырлығын жоғалта қоймаған Г.Вишневская 11-інші нәтижені көрсетті. Бұл да - жақсы көрсеткіш.

Аталмыш ізге түсіп жарысуда атақты фин биатлоншысы Кайса Мякяряйнен өзгелерден қара үзіп кетіп, мәреге жеке дара келді. Сөйтіп биыл әлем кубогы кезеңінде екінші рет қатарынан жеңіске жетті. Екінші болып келген чехиялық Габриэла Коукалова әлем кубогындағы жалпы көшбасшылық орнын сақтап қалды. Тағы бір тәжірибелі спортшы, франциялық Мари Дорен-Абер қола жүлдегер атанды.

Айта кетейік, 2016-2017 жылғы әлем кубогы кезеңдерінде тым-тәуір нәтижелерге қол жеткізіп жүрген Г.Вишневская жалпы есепте 282 ұпаймен 13-орынға көтерілді. 

© VKsport.kz