АСТАНА. ҚазАқпарат - Германияның Оберхоф қаласында бүгін мәреге жеткен биатлоннан әлем кубогының төртінші кезеңінде қазақстандық спортшы Галина Вишневская үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Еуроспорт телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, таңдаулы отыз биатлоншы жарыс жолына шыққан масс-стартта Г.Вишневская көшті бастаушылар қатарында болды. Тек соңғы нысана көздеуде ғана бір рет мүлт кеткен Галина алдыңғы үштікті қуып жете алмаса да, жарыс мәресінде украиналық Юлия Джима мен германиялық Франциска Хильдебрандты басып озып, төртінші орынды иеленді. Бұл оның мергендік көрсетумен бірге шаңғымен жарысуда ұшқырлығының арта түскендігін білдіреді. Сөйтіп Г.Вишневская әлем кубогы кезеңінде қазақстандық биатлоншылар арасында үздік нәтижеге қол жеткізіп отыр.
Аталмыш бәсекеде әлем кубогының көшбасшысы, чехиялық Габриэла Коукалова кезекті жеңісіне қол жеткізсе, германиялық Лаура Дальмайер екінші, тағы бір чехиялық Ева Пускарчикова үшінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, осының алдында ізге түсіп жарысуда Г.Вишневская оныншы орынға табан тіреген болатын.
Фото: Sports.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).