АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияның Антхольц-Антерсельвесінде биатлоннан жалғасып жатқан әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасы әйелдер эстафетасынан сегізінші орынға қол жеткізді.
Эстфетаға әр құрамадан төрт спортшыдан қатысып, әрқайсысы 6 шақырымға жүгірумен бірге нысана көздеуде де барынша мүлт кетпеуі тиіс. Бұл жарыста Франция құрамасы жеңімпаз атанса, чехиялықтар екінші, ресейлік қыздар үшінші орынға көтерілді. Құрамында Алина Райкова, Галина Вишневская, Дарья Усанова, Анна Кистанова бар қазақстандықтар мәреге сегізінші болып келді. Осыған дейін үздік ондықтың қатарынан көріне алмай жүрген қазақстандық биатлоншылар үшін бұл жақсы нәтиже деуге болады.
Бүгін ерлер арасында да эстафетадан жарыс өтеді.
Еске сала кетейік, осыған дейін 14 қаңтарда Қазақстанның жас биатлоншысы Галина Вишневская Германияның Рупольдинг қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде 15 км қашықтықта 15-інші орынды иеленіп, бір қуантқан болатын. Жалпы, ерлерге қарағанда, қазақстандық қыздар осылайша көзге түсіп үлгеруде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).