НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Поклюкада (Словения) биатлоннан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы үздік жиырмалыққа ілікті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Эстафеталық жарысты сәтті өткізген Норвегия құрамасы жеңімпаз атанды. Норвегиялық төрттік өткен жылы да үздік шыққан болатын. Бұл – аса мықты Норвегия құрамасының осы әлем біріншілігіндегі бесінші алтын медалі.
Германиялық Франциска Пройс мәреге санаулы метр қалғанда, Украина құрамасының капитаны Елена Пидгрушнаяны басып озып, өз командасына күміс жүлдені сыйлады. Украиналықтар үздік үштікті түйіндеді.
Беларусь құрамасынан бастапқыда Ирина Кривко, Динара Әлімбекова, Анна Сола сәтті өнер көрсеткенімен, соңғы болып жарыс жолына шыққан Елена Кручинкина кешеуілдеп, төртінші орында қалып қойды.
Қазақстан намысын қорғаған Галина Вишневская-Шепоренко, Людмила Ахатова, Елизавета Бельченко және Анастасия Кондратьева қорытындыда 20-орыннан көрінді.
Бүгін сондай-ақ эстафетадан ерлер құрамалары да сынға түседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).