Биатлоннан әлем чемпионатында Вишневская - күміс жүлдегер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық биатлоншы Галина Вишневская АҚШ елінде өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміске ие болды, деп хабарлайды alaman.kz.

7,5 шақырымдық спринттік жарыста алтынды ресейлік Евгения Павлова иеленді - 21:08.5 . Ол екі ату сәтінде бірде бір рет мүлт кеткен жоқ. Ал Галина Вишневская ату кезінде бір рет қателік жіберіп, нәтижесінде ресейліктен үш секундқа кешігіп қалды. Қола жүлде германиялық Аника Кнолға бұйырды. Тағы бір қазақстандық Анастасия Кондратева он тоғызыншы орын алды. Галина Вишневская былтырғы әлем чемпионатында да күміс жүлде алған. Жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиаданың да күміс жүлдегері.