АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтіп жатқан 2023 жылғы Қысқы Универсиадада алғашқы алтын жүлдесінен кейін қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетсек, 14 қаңтарда қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес 15 шақырым қашықтықта жекелей сында мәре сызығын бірінші болып қиды.
«Жарыс барысында нысана көздеуге көбірек көңіл бөлдім. Кейбірі ойлағандай болған жоқ. Бір мәрте нысанадан мүлт кеттім. Әлі де жұмыс жасайтын кемшілігім бар. Сол бағытта жұмыс жасаймын. Алда еліміз үшін маңызды сайыс бар. Наурыз айында Щучинск қаласында жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты болады. Соған дайындықты пысықтайтын боламыз. Қашанда көп медаль алуды қалайсың. Оған жорамал жасау мүмкін емес. Жұмыс жасауымыз және күш салуымыз қажет. Ол нәтижесін береді», - деді Вадим Куралес.
Еске салсақ, дүбірлі додада еліміздің атынан 78 спортшы бақ сынап жатыр.
Қысқы Универсиада 22 қаңтар күні мәресіне жетеді.
Фото: olympic.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.