Бибігүл Жексенбай: Конституцияны талқылау тек саясаткерлердің емес, бүкіл қоғамның ісі

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Қоғамдық сын — демократиялық процестің ажырамас бөлігі. Бірақ ол нақты мәтінге, нақты баптарға сүйенгенде ғана пайдалы болады деген пікір білдірді Парламент Сенатының депутаты, Бас редакторлар клубының басшысы Бибігүл Жексенбай.

— Жаңа Конституция жобасы жарияланған сәттен бастап қоғамда қызу пікірталас басталды. Әлеуметтік желілерде түрлі бағалар беріліп, кейде асығыс тұжырымдар да айтылды. Бұл — тосын құбылыс емес. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кез келген конституциялық реформа алдымен эмоциялық реакция тудырады, кейін барып мазмұнды талқылауға ұласады. Бүгін біз дәл осы екінші кезеңге қадам басып отырмыз.

Конституция — жай ғана құқықтық құжат емес. Ол мемлекеттің болмысын, қоғамның құндылықтарын, билік пен азамат арасындағы тепе-теңдікті айқындайтын негізгі келісім. Сондықтан оның әрбір нормасы қоғам назарында болуы заңды. Бастапқыда түрлі алаңдаушылық пен күмәннің туындауы да түсінікті. Бірақ уақыт өте келе пікірталас эмоциядан арылып, кәсіби арнаға түседі. Бұл — кез келген демократиялық қоғамның табиғи эволюциясы, — деді Бибігүл Жексенбай.

Әлемдік тәжірибе нені көрсетеді?

— Францияда 2008 жылғы конституциялық реформа алғаш жарияланған кезде қоғамда қызу пікірталас өрбіді. Алайда парламенттік тыңдаулар мен ашық түсіндіру жұмыстары нәтижесінде талқылау біртіндеп құқықтық арнаға ауысып, реформа орнықты түрде қабылданды.

Норвегияда 2014 жылғы түзетулер де алғашқыда сақтықпен қабылданғанымен, кең қоғамдық түсіндіру жұмыстары олардың мазмұнын айқындап, сенімді нығайтты.

Басқа да елдердің тәжірибесі көрсеткендей, ашық диалог пен жүйелі түсіндіру конституциялық өзгерістердің легитимділігін күшейтеді, — деді ол.

Бибігүл Жексенбай Конституциялық комиссия мүшелері қоғам алдында пікір білдіріп, журналистер сұрақтарына жауап беріп, күрделі нормаларды түсіндіріп жатқанын айтты.

— Бүгінгі жағдайда маңызды бір жайт анық көрініп отыр: мемлекет үнсіз қалған жоқ. Конституциялық комиссия мүшелері қоғам алдында пікір білдіріп, журналистер сұрақтарына жауап беріп, күрделі нормаларды түсіндіруде. Бұл — дұрыс әрі қажетті қадам.

Мұндай ашықтық түрлі алып-қашпа әңгімелердің алдын алып, мәтіннің нақты мазмұнын түсінуге мүмкіндік береді. Себебі кез келген конституциялық құжат күрделі құқықтық тілде жазылады, оны жеңіл ұрандарға айналдыру оңай. Ал нақты түсіндіру ғана қоғамды шынайы мазмұнмен таныстырады, — деді Бибігүл Жексенбай.

Ол сонымен қатар сын — мазмұнға негізделуі тиіс екенін айтты.

— Қоғамдық сын — демократиялық процестің ажырамас бөлігі. Бірақ ол нақты мәтінге, нақты баптарға сүйенгенде ғана пайдалы болады.

Егер талқылау қауесетке немесе бұрмаланған ақпаратқа негізделсе, онда қоғам Конституцияның өзін емес, оның көлеңкесін талқылап кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда пікірталас пайдасынан гөрі күмәнді күшейтеді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, конституциялық реформаның сапасы сынның деңгейіне байланысты. Неғұрлым кәсіби, нақты әрі мазмұнды пікірталас болса, соғұрлым негізгі заңның сапасы да жоғары болады, — деді депутат.

Депутат бүгінгі таңда қоғамдағы пікірталас біртіндеп байыпты арнаға түсіп келетінін айтты.

— Азаматтар жобаның нақты нормаларын қарап, салыстырып, сұрақ қойып жатыр. Бұл — жетілген қоғамдық талқылаудың белгісі.

Конституцияны талқылау — тек саясаткерлердің немесе заңгерлердің ғана ісі емес. Бұл — бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі, — деді Бибігүл Жексенбай.