Шара аясында жас өнерпаздар қала әкімдігінің алдындағы алаңда өз өнерлерін ортаға салады. Елбасының Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды. Осыған орай фестиваль «Елорда - жастар қаласы» тақырыбында өтеді.
Жас өнерпаздар бірнеше жанрда сайысқа түседі. Атап айтқанда, вокал, хореография, аспапта ойнау, сән театры және өзіндік жанр. Биылғы іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Беларусь, Литва, Грузия, Армения, Болгария, Португалия, Италия, Қытай, Чехия, Израиль, Испания, Сербия, Түркия және тағы басқа мемлекеттерден делегациялар келеді.
Айтулы шараның қазылар алқасының төрайымы СССР және Қазақстанның халық артисі, Социалистік Еңбек ері Бибігүл Төлегенова. Сонымен қатар, белгілі музыканттар, композиторлар, продюсерлер, артистер, түрлі мемлекеттерде ірі халықаралық шығармашылық фестивальдарын ұйымдастырушылар да кішкентай жұлдыздардың өнерін бағалайтын болады.
Конкурсанттар жарысы 4 шілде күні сағат 14:30-да басталады. Ал делегацияларды қарсы алу және фестивальдің салтанатты ашылуы сағат 16:00-ге жоспарланған. Одан кейінгі күндері конкурсанттар қазылар алқасының алдында өнер көрсетеді.
6 шілдеде сағат 14:00 «Шаттық» фестивалінің шымылдығы жабылады.