Бибігүл Жексенбай азаматтық қорғаныс саласына қатысты ұсыныс айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенатор Бибігүл Жексенбай еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында өрт сөндірушілердің проблемалары туралы жария етті. Азаматтық қорғаныс жүйесінде өрт сөндіру бөлімдері жетіспейді, сонымен қатар олардың штаттары да толық емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенатор азаматтық қорғау саласындағы мамандарды оқыту мен даярлау жағдайына да тоқталды. Елімізде болашақ құтқарушыларды оқытатын жалғыз ғана жоғары оқу бар. Ол – Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы.

Алайда депутат Академия Төтенше жағдай министрлігі мен оның мекемелерін кадрларға деген сұранысын толық қамтамасыз ететініне күмән келтірді. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық жабдықталу жағдайы да нашар.

«Сенат комитетінің мүшелері биылғы наурыз айында Академияға барып, оқу үдерісінің дамуы туралы айту мүмкін еместігіне көз жеткізді. Өйткені курсанттардың тұруы мен тамақтануының қарапайым жағдайы жасалмаған. Олар осы жылдың ақпан айынан бастап практикалық сабақтарға араласа алмай, қашықтан оқуға мәжбүр болған. Бұл олардың жауынгерлік даярлығы мен оқуындағы елеулі кемшілік болып отыр», - деді Бибігүл Жексенбай.

Депутат сауал барысында оқытушылар құрамының проблемаларына да тоқталды. Сенатор кейінгі уақытта оқытушылар құрамының жалақысы төмен болуына орай Академиядан кадрлардың кетіп жатқанын айтты. Биыл жалақысы өскен Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің тізбесіне Академия мамандары кірген жоқ.

«Мемлекет басшысының Академияның жаңа кешенін салу жөніндегі тапсырмасын уақтылы орындау үшін ведомствоаралық барлық рәсімдерді жедел жүргізе отырып, республикалық бюджеттен қаржы бөлуді қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды жөндеуге қаражат бөліп, Академияның профессор-оқытушылар құрамы жалақысына қатысты мәселені қарастыру керек», - деді ол.