Бибісара Асаубаева Үндістандағы турнирде төртінші мәрте жеңіске жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирінің үшінші кезеңінде төртінші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: fide.com
Аталған жеңісінен кейін ол турнирдің көшбасшылар тізіміне қайта оралды.
Жарыстың алтыншы кезеңінде Бибісара Асаубаева ресейлік белгілі шахматшы Полина Шуваловадан басым түсті. Бұл – қазақстандық спортшының аталған турнирдегі төртінші жеңісі. Осылайша, 4 балға ие болған ол турнир кестесінде бірінші орында келе жатқан Чжу Цзиньэрге жетті. Қытайлық шахматшы әзірге бірде-бір ұпай жоғалтқан жоқ.
Бибісара Асаубаева бүгін, 1 сәуірде үндістандық тәжірибелі шахматшы Хампи Конерумен шеберлік байқасады. Қарсыласы бұдан бұрын Азия чемпионы атанған.
Осы турнирде Бибісара Асаубаева бір мәрте жеңіліп, ресейлік Александра Горячкинаға есе жіберіп қойды. Ал, Нино Батсиашвили (Грузия), Рамешбабу Вайшали мен Харикой Дроновалли (екеуі де – Үндістан) сынды қарсыластарынан басым түсті.
Еске салсақ, сәуір айында Астанада шахматтан әлем чемпионаты өтеді.
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.