Бибісара Асаубаева Жаңаөзенде кішкентай шахматшыларға шеберлік сағатын өткізді

ЖАҢАӨЗЕН. ҚазАқпарат - Жаңаөзен қаласына жылдам шахматтан (блиц) әлем чемпионатының жеңімпазы Бибісара Асаубаева іс-сапармен келді. Гроссмейстер оқушылар шығармашылық үйінің кішкентай шахматшыларымен бір партия шахмат ойнап, шеберлік сағатын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Жаңаөзенге іс-сапармен келу Бибісараның өзінің талабы болды. Мақсатымыз - кішкентай балдырғандардың шахматқа қызығушылығын арттыру әрі оларға білгенін үйрету болды. Наурызда шахматтан ҚР чемпионаты өтеді. Соған 215 қатысушылардан 100-ге тарта қатысушы іріктеуден өтті. Жаңаөзендік шахматшылар да біраз жетістіктерге жетіп жүр. Бұл бізді қуантады. Биыл 3-4 үлкен турнир өткізу жоспарымызда бар. Бұған облыс бойынша барлық қатысушылар қатыса алады, - дейді Маңғыстау облыстық шахмат федерациясының президенті, атқарушы директор Фатима Елбаева.


Әлем шахматы тарихындағы ең жас чемпион атанған спортшыны қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов, білім бөлімінің басшысы Өсербай Табынчаев және қала жастары қарсы алды.

Олар әлем чемпионына алғыс айтып, сәттілік тіледі.

Кәсіби спортшылармен ойнауды армандаған жаңаөзендік шахматшылар шеберлік сағатынан мол тәжірибе алды.


Фото: t.me/mangystau_press