Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингідегі орнын жақсарта түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) әлемнің үздік гроссмейстерлерінің жаңартылған ретйингісін жариялады.
Ел құрамасынан қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева жағдайын жақсарта түсті. Ол бұрынғы орнынан екі сатыға жоғарылап, енді 12-орынға орналасты. Оның еншісінде 2 494 ұпай бар. Дәл сондай ұпай жинаған ресейлік Полина Шувалова отандасымызбен қатар тұр.
Бибісара 2004 жылы 26 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. Ол – әйелдер арасындағы гроссмейстер (2019). Сондай-ақ ол блиц бойынша әлем чемпионы (2021) атанды. Ал рапид бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021) болды. 2021 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алды.
Рейтинг бойынша үздік жүз шахматшы тізіміне қазақстандық тағы екі спортшы енгізілген. Атап айтқанда, Меруерт Камалетдинова 2 345 ұпаймен 97, 2 344 ұпаймен Әмина Кайырбекова 100-орында тұр.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық шахматшылар Грекиядағы әлем чемпионатында 6 алтын, 1 қола медаль алды.