Бибісара Асаубаева жүлде қоры 1 млн доллар болатын турнирде өнер көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Үндістанның Бангалор қаласында өтетін Tech Mahindra Global Chess League беделді командалық турниріне қатысады, деп хабарлайды Sports.kz .

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан құрамасының көшбасшысы әлеуметтік желіде өзі өнер көрсететін FYERS American Gambits командасының фотосессиясынан суреттер жариялады.

Команда құрамында Асаубаевамен бірге өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров, ресейлік Даниил Дубов, үндістандық Нихал Сарин, ирандық Сара Хадем және француз Марк-Андриа Маурицци бар. Шахматшылар турнир кезінде киетін командалық формасын да таныстырды.

– Бүгінгі түсірілім аяқталды. Ертең тағы біреуі бар. Акклиматизацияға келсек, АҚШ-тағыдан да ауыр өтіп жатыр. Түнде дұрыс ұйықтай алмаймын, ал күндіз қатты ұйқым келеді, – деп жазды Бибісара Асаубаева.

Tech Mahindra Global Chess League турнирі 5-13 қыркүйек аралығында өтеді.

FYERS American Gambits командасына бес ұжым қарсылас болады. Олардың қатарында Магнус Карлсен өнер көрсететін Alpine APL Pipers, Вишванатан Анандтың PBG Alaskan Knights, Ян Непомнящийдің Ganges Grandmasters, Алиреза Фирузджа қатысатын Triveni Continental Kings және Максим Вашье-Лагравтың Airlearn Mumba Masters командалары бар.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрайды.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева FIDE рейтингіндегі орнын сақтап қалды.