Биді бір-ақ күнде шығардық — Джей Лоға ұнаған қойылым қалай дайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Бірнеше күн бұрын астаналық жанкүйерлердің биі Дженнифер Лопестің назарына іліккенін хабарлаған едік. Жас таланттар көпшіліктің қошеметіне ие болған бұл би қойылымын бір-ақ күнде дайындап шыққан.
Бұл туралы DREAM WAY dance & art lab шығармашылық орталығының заманауи би бойынша жаттықтырушысы агенттік тілшісіне берген сұхбатында айтты.
— Видеоны түсіру идеясын бізге Дженнифер Лопестің Астанадағы концертін ұйымдастырып жатқан Малик Хасенов ұсынды. Жаттықтырушылар бұл ойды бірден қолдады. Бар болғаны бір күннің ішінде Доник екеуміз биді қойып үлгердік. Ал келесі күні оқушылар биді жаттап, Бәйтерек маңында бейнероликті түсіріп тастадық, — дейді Карина Синтхалат.
Би тобы бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктегенде, оны Джей Лоның өзі парақшасында бөлісетінін білмеген көрінеді. Десе де, еңбектері атақты әншінің назарына ілігеді деп үміттенгендерін жасырмады.
— Әрине, біз Лопестің видеоны байқап, әлеуметтік желіде қандай да бір реакция білдіреді деген үмітте болдық. Бірақ толықтай сенімді болмадық. Постты репост жасайды деп жүз пайыз сенбедік. Сондықтан ол біздің видеомызды парақшасына салғанда — бәріміздің қуаныштан төбеміз көкке жетті! Осы арқылы 2 миллионнан астам адам біздің талантты оқушыларымыздың өнерін көрді. Желіде қаншама жылы пікір мен қолдау сөздер жазылып жатты. Осы үшін бәріңізге алғыс айтқымыз келеді! — дейді олар.
Еске сала кетейік, бұған дейін латынамерикалық жұлдыздың елордада өтетін концертіне билет толық сатылғанын хабарлаған едік.