Бидай бағасының қымбаттауы нан бағасына әсер етпеуі тиіс - АШМ

АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Қазіргі орын алған нарықтағы жағдайға сәйкес, бидай бағасының қымбаттауы нан бағасына әсер етпеуі тиіс.

Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында «Агроөнеркәсіп кешеніндегі экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС директоры Сағынтай Жұмажанов осылай мәлім етті.

«Қымбаттамауға тиіс. Себебі бізде астықтың, ұнның, нан бағасын тұрақтандыру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ астықты сатып алып тұрады. Осы компанияда әзірдің өзінде 5 млн. тоннаға жуық астық бар. Сондықтан да, корпорация ішкі нарықты тұрақты бағамен қамтуғы тырысады. Бұдан бөлек, егер астық бағасы нан бағасына әсер ететіндей жағдай байқалса, бұған дейін де қолданылып келген тәжірибелер іске қосылады. Жалпы біздің астыққа қатысты ішкі нарықты реттеуге толық мүмкіндігіміз баршылық», - дейді Сағынтай Жұмажанов.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық астық кеңесі 2012-2013 маркетинг жылында әлемдегі бидай өндірісінің көлемін 665 млн. тоннаға болжаған еді. Бұл мамыр айындағы болжамнан 6 млн. тоннаға, өткен жылғы маусымның деңгейінен 30 млн. тоннаға аз көрсеткіш. Ал әлемдік бидай өндірісінің азаюына басты себеп - құрғақшылық салдарынан Еуроодақ елдеріндегі, Австралия мен Аргентинадағы, Ресейдегі, Украина мен Қазақстандағы бидай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты болып табылады. Осыған орай, әлемдік және еліміздің ішкі нарығында астық бағасы қымбаттауда.