«Биг Шанхай» базарындағы өрт: 3 елордалық құтқарушы жарақат алды

Фото: ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM — Өткен түнде Астанада «Биг Шанхай» базары аумағындағы ғимараттардың бірі өртеніп кетті.

Астана Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Алтынбековтың айтуынша, алғашқы бөлімдер келген кезде өрт ғимараттың үш қабатын түгел шарпып үлгерген.

— Тепловизор мәліметтері бойынша сыртқы қабырғалардың температурасы 800 градустан асқан. Ішінде не болғанын елестетіңіз. Құрылымдардың опырылуы және өртті сөндіру барысында үш қызметкеріміз жарақат алды. Олардың біреуі бас жарақатын алып, ауруханаға жатқызылды, — деді Қанат Алтынбеков.

Өртті сөндіруге Астана қаласы ТЖД және ЖАО 165 адам, 62 бірлік техникасы жұмылдырылды. 

Еске салсақ, өткен түнде Астанада Байқоңыр ауданы Алаш тас жолының бойындағы үш қабатты базар ғимараты өртке оранғанын жазған едік. Белгілі болғандай, базар әкімшілігі өрт туралы хабарламаған. Өртті бірінші және үшінші қабаттың терезелерінен шыққан қою қара түтінді байқап қалған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өздері анықтаған.