«Биг Шанхай» базарындағы өрт: зардап шеккен кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Аталған жағдайға байланысты арнайы штаб құрылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Онда Төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің, әкімдіктің, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының өкілдері, банк қызметкерлері, салық органдары және базар әкімшілігі кезекшілік етеді. Штаб аясында «Биг Шанхай» базарының зардап шеккен жалға алушылары, кәсіпкерлері және жұмысшылары бизнесін қалпына келтіру, жалдау, салықтық және банктік міндеттемелер бойынша кеңес ала алады.
Қазіргі уақытта салық төлемдері мен банктік міндеттемелер бойынша кейінге шегеру мәселесі қарастырылып жатыр. Сауда орны зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімі банктер мен қаржы ұйымдарына жіберіліп, қолдау шараларын ары қарай қарау жоспарланып отыр.
— «Биг Шанхай» базарының директорының айтуынша, алдағы бірнеше күн ішінде зардап шеккен барлық кәсіпкерге баламалы сауда орындарын ұсыну мәселесі шешіледі. Штаб «Anuar» супермаркетінің 3-қабатында, Алаш тасжолы, 30а мекенжайында орналасқан. Ақпарат және кеңес алу үшін колл-орталық жұмыс істейді: «Биг Шанхай» базарының әкімшісі: +7 (778-14) 1-83-13, Тоғжан. Кәсіпкерлер тек ресми штабқа жүгінгені жөн, себебі барлық нақты әрі шынайы ақпарат осы орында айтылады, — делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Еске салсақ, өткен түнде Астанада Байқоңыр ауданы Алаш тас жолының бойындағы үш қабатты базар ғимараты өртке оранғанын жазған едік. Белгілі болғандай, базар әкімшілігі өрт туралы хабарламаған. Өртті бірінші және үшінші қабаттың терезелерінен шыққан қою қара түтінді байқап қалған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өздері анықтаған. Өкінішке қарай, өрттен үш құтқарушы жарақат алды.