«Биг Шанхай» базарындағы өрттің шығу себебі анықталды ма — ТЖМ жауабы

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Жазда түгел отқа оранған елордадағы «Биг Шанхай» базары біраз саудагерді шығынға батырып, кәсібіне залал келтірді. Өрт себебі анықталатыны айтылған. Төтенше жағдайлар министрлігінен істің қай деңгейде жүріп жатқанын сұрап көрген едік.

Базардағы өрт фактісі бойынша Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастаған еді. Төтенше жағдайлар министрлігінің агенттік сауалына жолдаған жауабына сәйкес, қазір өрт ошағын, оның таралуын және кінәлі тұлғаларды анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеті әлі де жүргізіліп жатыр. Ведомство Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу деректері жария етуге жатпайтындығын алға тартады.

Фото: ТЖМ

Министрліктен осы базарда өрт қауіпсіздігі бойынша тексеріс соңғы рет қашан жүргізілгенін де сұраған едік.

— «Азаматтық қорғау туралы» Заңның 38-бабы 6-тармағына сәйкес бақылау және қадағалау субъектісі сараптама ұйымының оң қорытындысын алған кезде осы объект, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда, қорытынды қолданылатын кезеңге бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылаудан босатылады. Осылайша, «Биг Шанхай» базарында өрт қауіпсіздігі саласындағы аудиттің оң қорытындыларының болуына байланысты тексеріс жүргізілмеді, — делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ хабарламада өрт сөндірушілердің тілсіз жаумен ұзақ күресу себебі түсіндірілген. 

Фото: ТЖМ

— Өрт сөндіруге хабардың кеш түсуі, құтқарушылардың алғашқы легі жеткен кезде өрттің өршуі, жанғыш заттардың көп болуы, құрылыс бөлшектерінің құлау қаупі кедергі келтірді. Сондай-ақ «Орда базары» арқылы жалғайтын галереялармен көрші ғимаратқа жалынның өту қаупі істі қиындатты, — дейді ведомство.

Айта кетсек, осы өртті сөндіру кезінде зардап шеккен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері медициналық тиісті ем алып, бүгінде қызметін жалғастырып жатыр.

Министрлік ел аумағындағы сауда объектілерінде өрттің жиілеп кетуіне байланысты, сондай-ақ өртке қарсы қауіпсіздік деңгейін арттыру және осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу мақсатында сауда объектілері өкілдерінің (шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері) қатысуымен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палаталарының базасында дөңгелек үстелдер өткізіпті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Адамдар жаппай жиналатын, жалпы ауданы екі мың шаршы метрден асатын нысандардың тізбесі, сондай-ақ адамдар жаппай жиналатын нысандар иелерінің үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне залал келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандырудың үлгілік шарты бекітілді. Осы тізімге сәйкес, жаңа норма сауда және ойын-сауық орталықтарына қолданылады. Енгізілген өзгерістердің бірі — құрылыс тапсырыс берушісі салынған нысанның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде азаматтық қорғау органдарының қорытындысын алу міндетті. Бұл талап адамдар жаппай жиналатын нысандарға және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарға қолданылады. Нысанның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөніндегі қорытындыны уәкілетті органның аумақтық өкілдігі береді, — деп жазылған министрлік хатында.

Еске сала кетейік, биыл 18 шілдеде Астанада «Биг Шанхай» үш қабатты базары өртке оранды

Кейін өрттен кәсіпкерлерге келген шығынның есептеліп жатқаны хабарланды.

Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес барысында үш құтқарушы жарақат алды