Big Шанхайдағы өрт: базардағы өрт қауіпсіздігі жеке аудит арқылы ғана тексерілген

Фото: ҚР ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада 18 шілдеде «Big Шанхай» базарында болған өрттің себебіне қатысты тексеру жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлім етті.

— Қазір тексеру жүріп жатыр. Өрт туралы ақпарат болмаған. Атап айтқанда, № 7 өрт сөндіру бекеті «Big Шанхайдың» жанында орналасқан, құтқарушылар бірінші және төртінші қабаттағы өртті байқап қалған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметкерлері жеткенде, барлық есіктер мен қақпалар жабық тұрған. Өрт сөндірушілер қақпаны өздері ашқан. Біздің қызметкерлер өртті оқшаулауға бар күшін салды. Қазір қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралып жатыр. Өрт қауіпсіздігі жүйесіндегі кемшіліктер анықталып, оның барлығы тергеу аясында ескерілетін болады, — деді деді К. Тұрсынбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқармасының басшысы Айгерім Райымқұлованың айтуынша, аталған нысанда осыған дейін жеке аудит жүргізілгендіктен, мемлекеттік бақылау жасалмаған.

— Бұл аудит 2019 жылдан 2024 жылға дейін жүргізілді. Оның нәтижесінде ешқандай кемшілік анықталмағаны айтылған. Бұл тұрғыда бізге тиісті қорытындылар ұсынылған еді. Осыны ескере отырып, мемлекеттік бақылау болмады… Қазір аталған өртке қатысты тиісті сараптамалар жасалып жатыр, — деді А. Райымқұлова.

Айта кетейік, бұған дейін 18 шілдеде «Big Шанхай» базарының өртенгені туралы хабар ТЖД-ға кеш берілгені мәлім болды. 

Тілсіз жаумен күрес барысында үш құтқарушы жарақат алды