Биыл 10 айда мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн теңге кіріс түсті
Биыл 10 айда мемлекеттік бюджетке 15,5 трлн теңге кіріс түсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің сомасы 15,5 трлн теңгені құрады немесе жоспар 98,3 пайызға орындалды. Республикалық бюджетке 10,5 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 92,8 пайызға, оның ішінде салықтар бойынша 87,3 пайызға атқарылды. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты», - деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 294 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 23%-ке азаюымен байланысты болды. Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 8 пайызға азаюы есебінен орын алды.
«Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 9 пайызға төмендеуімен байланысты болды. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 12 пайыз төмендеуі әсер етті. Салықтық емес түсімдер бойынша асыра орындау акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер есебінен қалыптасты», - деді ол.
Вице-министр жергілікті бюджеттердің кірістері 111,7 пайызға атқарылған және 5,1 трлн теңгені құрағанын атап өтті.
«Жоспар 534 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 474 млрд теңгеге асыра орындалды. Алматы облысынан басқа барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалып отыр», - деді Дәурен Темірбеков.