Биыл 150-ге жуық шетелдегі қазақ баласы атажұртта демалады

Фото: Отандастар қоры

АСТАНА. KAZINFORM – Атажұрттан алыста өскен қазақ балаларын елмен байланыстыру үшін түрлі қадам жасалуда. Соның бірі – «Jas Qazaq» жазғы танымдық этно-лагері. Мұнда әлемнің әр түпкірінен жиналған қаны қазақ бүлдіршіндер Қазақстанның қазіргі қалпын танып, болашағын бағамдай алады. Сәті түскенде жобаның ұйымдастырушысы – «Отандастар қоры» КЕАҚ президентінің кеңесшісі Дидар Болатпен сұхбаттасып, бастаманың мән-маңызын сұраған болатынбыз.

– «Jas Qazaq» шетелдегі қазақ балаларына арналғанын білеміз. Биыл қанша қазақ баласы келді? Қай елден қызығушы көп?

– «Jas Qazaq» – жай ғана лагерь емес, алыстағы қандастарды атажұртпен табыстыратын алтын көпір, сағыныш пен үмітті жалғайтын рухани кеңістік. Биыл бесінші мәрте есігін айқара ашқан бұл жазғы этно-лагерьге әлемнің түкпір-түкпірінен – АҚШ, Түркия, Польша, БАӘ, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан 150-ге жуық этникалық қазақ баласы жиналды.

Фото: Отандастар қоры

Олардың әрқайсысы – туған топырақты көріп, ана тілін үйреніп, салт-дәстүрді сезінуге асыққан жүректер. Лагерьге келетін балалар жыл бойы іріктеледі. Өйткені орын саны шектеулі, ал қызығушылық жоғары. Сондықтан «Отандастар қоры» түрлі бағыттағы – білім, өнер, спорт пен мәдениет салаларындағы байқаулар ұйымдастырып, жеңімпаздарға жолдама береді. Осылайша әр елден ең үздік, ең талантты балалар жиналады.

Қызығушылық географиясына келсек, көршілес Өзбекстан мен Моңғолия қазақтары үнемі белсенділік танытады. Сондай-ақ Қытай мен Ресейдегі қандас балалардың да атажұртқа деген сағынышы ерекше.

Этно-лагерь қайда орналасқан? Тынығу бағдарламасы қандай бағыттарды қамтиды?

– Жазғы танымдық этно-лагерь Бурабайдың баурайындағы табиғатпен үндесіп жатқан «IQanat High School of Burabay» мектебі базасында өтеді.

Фото: Отандастар қоры

«Jas Qazaq» лагерінің бағдарламасы – нағыз этно-танымдық саяхат. Екі апта бойы балалар қазақ тілін үйреніп, тарих пен салт-дәстүрдің сырына қанығады. Қолдарына домбыра ұстап, киіз үй құрып, атқа мініп, садақ тартып, ұлттық ойындарға қатысады. Бұл – тек ойын-сауық емес, рухани байытатын, өз тамырыңмен қайта табыстыратын ғажайып орта. Ең бастысы – мұнда балалар түрлі елдерден келген өз қандастарымен дос болып, шынайы бауырластықтың не екенін сезінеді. Бұл – олардың жүрегінде мәңгілікке жатталар естеліктер мен ерекше әсерге толы саяхат.

Фото: Отандастар қоры

– Лагерь нәтижесінде елге оралған немесе Қазақстанға оқуға түскен балалар бар ма?

– Жоба алғаш ұйымдастырылып тұрған жоқ. Биыл – бесінші маусым. Осы уақытқа дейін лагерьге 700-ден астам бала қатысып, әрқайсысының жүрегінде ерекше естелік, ал болашағына бағыт берген маңызды тәжірибе қалды. Ең қуаныштысы – олармен әлі күнге дейін байланыс үзілген емес. Ортақ мессенджер чаты, әлеуметтік желідегі парақша арқылы бұрынғы қатысушылар жаңалықтарын бөлісіп, бір-бірін қолдап отырады.

Мәселен, 2023 жылғы маусымның түлегі Нұргүл Олжабаева ұлттық құндылықты дәріптеген «Ұлттық мұра – домбыра» атты әдістемелік оқулық жазып, биылғы лагердің ашылу салтанатында тұсаукесерін өткізді. Бұл – бір ғана мысал. Бұдан бөлек, лагерь қатысушыларының арасында Қазақстан Үкіметі ұсынатын 4% квота арқылы елге оқуға тапсырып жатқан жастар бар.

Фото: Отандастар қоры

Бұл лагерь балалардың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілікті оятып, елге оралуға, білім іздеуге, болашағын Қазақстанмен байланыстыруға жол ашады. Лагерь аяқталса да, әсері мен ықпалы ұзақ жылдарға жетеді.

– Тәлімгерлік ететін педагогтер жайлы айтып берсеңіз...  

– Әр бала – аманат. Сондықтан тәлімгерлер мен педагогтарды іріктеуде ең басты назар – біліктілік пен жауапкершілікте.

Лагерьдегі барлық сабақтарды IQanat мектебінің тәжірибелі, кәсіби ұстаздары жүргізеді. Ал әр бала белгілі бір орда құрамында тәрбиеленеді. Лагерь 8 ордаға бөлінеді, олар алтын, ақ, көк сынды ұлттық бояуы бар символикалық атаулармен аталған.

Әр ордаға екі тәлімгерден бекітіледі. Бұл тәлімгерлер – IQanat мектебін үздік аяқтаған, бүгінде жоғары білім алып жатқан білімді де белсенді түлектер. Олар балалардың күнделікті тәртібі мен бос уақытын тиімді ұйымдастырып, әрқайсысына көңіл бөліп, ағалық-апалық жол көрсетеді.

Сонымен қатар, «Отандастар қорының» жауапты қызметкерлері мен әр елден келген жетекшілер де балалармен бірге екі апта бойы лагерьде болады. Олар лагерь тәртібінің сақталуын, қатысушылардың қауіпсіздігін бақылап, барлық жағдайдың жоғары деңгейде өтуіне жауап береді.