Биыл 20,2 млн шаршы метр баспана тапсырылады - Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында 3 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын талқылау кезінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Құрылыс саласында үш айдың қорытындысы бойынша жұмыс көлемі шамамен 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14,8 пайызға артты. Жалпы, өңірлердің басым бөлігінде оң өсу динамикасы байқалды. Бұл саланың жүйелі түрде дамып, жоспарланған шаралардың тиімді іске асырылып жатқанының нәтижесі. Көрсеткіштердің төмендеуі тек Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай мен Жетісу облыстарында тіркелді, - деді Е. Нағаспаев. 

Оның айтуынша, есепті кезеңде 3,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 3,8 пайызға жоғары. Өсім 18 өңірде байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Абай, Қарағанды облысында және Шымкент қаласында. Ал Атырау және Ақмола облыстарында төмендеу көрсеткіш тіркелді.

- Салада оң динамиканы сақтау мақсатында биыл тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін 20,2 млн шаршы метрге жеткізу жоспарланған. Ол үшін 20 мың жалға берілетін пәтер сатып алуға 332 млрд теңге бөлу, сондай-ақ жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге 184 млрд теңге қажет. Алайда қаражаттың қайтарылуына қатысты мәселелердің толық шешім таппауына байланысты, қазіргі қаржыландыру жағдайында тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 18,5 млн шаршы метр деңгейінде болжанып отыр. Осыған байланысты әкімдіктердің қарыз алу шектеулерін ескере отырып, жергілікті бюджеттерге облигациялар бойынша негізгі қарызды өтеу және пайызды төлеу шығындарын жабу тетігін қарастыру қажет немесе бұл шығындарды республикалық бюджет есебінен өтеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан шикізаттық емес сектор бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.