Биыл 217 мектеп оқушыларды қабылдайды

АСТАНА. KAZINFORM – Осы жылдың соңына дейін 217 мектептің құрылысы аяқталады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін таныстырған Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.

Фото: Kazinform

«2022 жылдан бастап Үкімет жобалық басқарудың белгіленген өлшемшарттарына сәйкес келетін ұлттық жобалардың жаңартылған тізбесін айқындау бойынша жұмыс жүргізді. Бюджеттің мүмкіндіктері мен басымдықтарын ескере отырып, 3 ұлттық жоба қабылданды. Оларды іске асыруға түрлі көздерден 625,2 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 536,4 млрд теңге бөлінді. Қалған 10 ұлттық жоба мен 2 мемлекеттік бағдарламаның күші жойылды», - деді министр.

Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын іске асыруға өңірлерге Ұлттық қор қаражаты есебінен 500 млрд теңге бөлінді.

«Ұлттық жобада 4 стратегиялық көрсеткішке қол жеткізу, оның ішінде кемінде 740 мың жаңа оқушы орындарын іске қосу көзделеді. Осы жылы 217 мектептің құрылысы аяқталады», - деді ол.

Мәди Тәкиев «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын іске асыруға жоспарланған 42 млрд теңгенің 37,8 млрд теңгесі бөлінгенін айтады.

«2023 жылы медициналық-санитариялық көмек пункттерінің 99 объектісін салу жоспарланған. Оның ішінде 93 объекті аяқталды, 3 объектінің құрылысы жалғасуда, 4 объектінің құрылысы тоқтатылды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыруға жоспарланған 87,8 млрд теңгенің 87,4 млрд теңгесі игерілді. Жоспарланған барлық көрсеткіштерге қол жеткізілді», - деді министр.