Биыл 22 мың жол апаты тіркеліп, 2 мың адам қаза болды - Әкімшілік полиция комитеті
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылы елімізде 22 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, онда 2 мың адам қаза болды. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев осылай мәлем етті.
«Жолдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында министрлік кешенді шараларды ұйымдастыруда. Дегенмен, талдау көрсеткендей олар жеткіліксіз болып отыр. 2024 жылы 22 мыңнан астам жол апаты тіркеліп, онда 2 мың адам қаза тауып, 25 мыңнан астам адам жарақат алып отыр. Жол апатынан жарақат алғандар көрсеткіштерінің өсуі жол көлік оқиғаларын есепке алу тәсілінің өзгеруімен де байланысты. Қазір денсаулыққа келтірілген зиянға қарамастан жол апатынан кейін медициналық мекемеге жүгінген барлық адам есепке алынуда», - деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, жолдағы адам шығыны апаттың негізгі үш түріне байланысты:
1. Автокөліктердің бетпе-бет соқтығысуы;
2. Жаяу жүргіншілерді қағып кету;
3. Көліктің аударылуы.
Осы себептерден болған адам шығыны жалпы жол апатында қаза тапқандардың 73 пайызын құрайды. Апаттың осы үш түрінің негізгі себебі — жылдамдықты арттыру.
Сондай-ақ, комитет басшысы жолдағы жағдайды бақылау аясында полиция тарапынан жүйелі шаралар қабылданып жатқанын, «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Автокөлік», «Абайлаңыз, балалар!» секілді жедел профилактикалық шаралар өткізіліп тұратынын айтты.