Биыл 22,5 мың жұмыс орнын ашатын 190 индустриялық жоба іске асырылады — министр

Фото: Фото: Allur баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде 22,5 мың жаңа жұмыс орнын ашатын 190 индустриялық жоба іске асырылады. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

— 2025 жылы шамамен 1,5 триллион теңгенің 190 индустриялық жобасын іске қосу көзделіп отыр. Бұл 22,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға және отандық экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Басымдық берілетін салалар — металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және басқа да жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын салалар, — деп мәлімдеді министр «Казахстанская правда» басылымына берген сұхбатында. 

Сондай-ақ ол жаңа жобаларды жүзеге асыру, өндірісті жергіліктендіруді ынталандыру, экспортқа бағытталған салаларды дамыту басым бағыт екенін атап өтті.

— Өнеркәсіп саласындағы бизнесті ынталандыру үшін мемлекет 800 миллиард теңге бөлуді қарастырды, оның ішіне өнеркәсіп алаңдарын құру жобаларына жеңілдетілген қаржы бөлу де кіреді. Импортты алмастыру бағытында импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі қосылған құн тізбегін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Экспортты дамыту үшін сыртқы нарықтарды кеңейту және қазақстандық өндірушілерді шетелде қолдау шаралары жүргізіліп жатыр, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Бұған дейін 3 жыл ішінде елімізде 4,7 трлн теңгенің индустриялық жобасы іске асырылатынын жазған едік.