Биыл 3 мың елордалық қазақ тілін тегін үйренеді

Фото: Фото: UzA

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елордада 3 мың тұрғын қазақ тілін тегін үйрене алады. Бұл туралы Астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп айтты.

— Өткен жылы 1 500-ге жуық қала тұрғынын әртүрлі деңгей бойынша мемлекеттік тілге тегін оқыттық. Биыл қазақ тілін оқитын тұрғындар санын 3 мыңға ұлғайтып отырмыз. Сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған интенсив қазақ тілі курстары бар. Оқытушыларымыз «Астаналық базар», «Central Market» сияқты ірі сауда орындарына барып, олардың қажеттіліктеріне сәйкес қызмет көрсетушілердің тұтынушылармен арадағы базалық диалог түрін үйретеміз, — деді ол қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында.

Оның атап өтуінше, қаладағы көшелердің 93 пайыздайы тарихи тұлғаларымыз бен жер-су атауларының құрметіне қойылған. 60 мектепке ұлт қайраткерлерінің есімі берілген. Оларды ұлықтау бағытында үнемі ғылыми конференция, дәріс, дөңгелек үстел, дәрістер өткізіліп тұрады. Сонымен қатар ол жарнамаларды мемлекеттік тілге сәйкес келтіру мәселесіне тоқталды.

— Әр айда Атамекен кәсіпкерлер палатасы базасында қаладағы кәсіп иелерімен тұрақты кездесу өткізіледі. Оларға жарнама, тіл заңдарының талаптары түсіндіріледі. Өткен жылы тек жарнама ілуші кәсіпкерлерден 3 741 эскиз жобасын қабыл алып, оның 81 пайызына тиісті түзетулер енгізіп, келісім бердік. Биыл жыл басынан бері «Еуразия», «Central Market» сынды сауда ойын-сауық орталықтарында рейд жүргіздік. 400-ден астам субъект қамтыдық. Заңға қайшы келетін немесе тұжырымдамаларға сәйкес келмейтін жарнамаларды алып тастадық, — деді Сәкен Есіркеп.

Айта кетелік қазақ тілі үшін жаңа цифрлық платформа жасалады. Сонымен қатар 1,7 млн оқушы қазақ тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырады