Биыл 580 мың тоннаға жуық ерте пісетін көкөніс жиналады - АШМ

Фото: Фото: arasha.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл егін жинауға дейінгі маусымаралық кезеңде көкөніске ішкі нарықтың қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

— Күздік дақылдарға келетін болсақ, 2025 жылдың егініне күздік дәнді дақылдар 405,7 мың га алаңға егілді. Олардың 74%-ы жақсы, ал 23%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Сонымен қатар, оңтүстік өңірлерде ерте көкөністерді жинау жұмыстары басталды. Түркістан облысында 1,2 мың гектар алаңнан 38,3 мың тонна қырыққабат жиналды, — деді ол көктемгі дала жұмыстары жайлы баяндамасында.

Сондай-ақ министр биыл қанша тонна ерте пісетін көкөніс алу жоспарланып отырғанын айтты.

— Жалпы, биыл 580 мың тоннаға жуық ерте пісетін көкөніс жинау жоспарланып отыр, бұл жаңа егін жинауға дейінгі маусымаралық кезеңде ішкі нарықтың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Айдарбек Сапаров.

Осыған дейін елімізде егіс алқабының жалпы көлемі 23,7 млн гектарға жеткені туралы жаздық.