Биыл 60-тан астам елді мекен тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді

Фото: «Азиялық Газ құбыры» ЖШС

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 6 айда 7,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. Бұл туралы Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты. 

— Мұнай-газ саласында 1-ші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 7,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. Жылдық жоспар — 14,8 млн тонна. Биыл 62 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. 94 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі, 300 мыңнан астам адам көгілдір отынға қол жеткізеді. Қыркүйек айында ұзындығы 302 шақырым болатын «Талдықорған — Үшарал» магистральдық газ құбыры іске қосылады. Бұл 60-тан астам елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сәуір айында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры екінші желісінің құрылысы басталды. Оны келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, — деді ол.

Оның мәліметінше, мұнай-газ химиясы саласында 6 айдың қорытындысы бойынша 380 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 12,7 пайызға артық. Энергетика саласында биыл бірінші жартыжылдықта 62,2 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 3,3 пайызға жоғары. 2028 жылға қарай жалпы қуаттылығы шамамен 6 700 МВт болатын жаңа генерация іске қосылады. Оның ішінде биыл дәстүрлі және баламалы қуат көздері бойынша 620 МВт жаңа генерация пайдалануға беріледі.

— Тұрғын үй құрылысы саласында рекордты 19,2 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. 6 айдың қорытындысы бойынша 7,9 млн шаршы метр пайдалануға берілді, — деді Роман Скляр.

Бұған дейін Энергетика министрлігі газ жобаларын жеделдетуді көздеп отырғанын жазған едік