Биыл 7 айда шикізаттық емес тауар экспорты 14,2 млрд долларға жетті

Фото: Фото: Александр Павский/ҚазАқпарат ХАА

Елімізде шикізаттық емес тауарлар айналымы мен экспорты артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде шикізаттық емес тауар айналымы биыл қаңтар-шілдеде 46,7 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,7%-ға жоғары ($38,4 млрд). Биыл 7 айда шикізаттық емес тауар экспорты 14,2 млрд доллар болған. Қызметтер экспортына тоқталсақ, ол көрсеткіш – $2,1 млрд. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,7% -ға жоғары ($1,8 млрд.). Шикізаттық емес экспорттық тауарлардың ішінде топ үштікке мыс пен мыс катодтары, ферроқорытпалар және уран кіреді», - деді Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, экспорт бойынша негізгі нарық ретінде Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия және Нидерланд болып қала береді.

«ЕО елдеріне, Қытайға және Орталық Азия елдеріне жеткізілімдердің айтарлықтай өсуі тіркелді. Экспорттаушыларға қаржылай және басқа да қолдау көрсету жалғасып жатыр. Бүгінде 100-ден астам компания халықаралық көшпелі сауда іс-шарасына қатысты. Бұл – 7 елдегі сауда миссиясы, Қытайдағы халықаралық көрме. Биыл бірінші жартыжылдықта мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 5 500 млн доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарт жасалды», - дейді ол.