Биыл 77 жоба жүзеге асып, 300 мың қазақстандық газбен қамтылмақ

Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Газдандыру – ауылдағы өмір сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың маңызды тетігі. Аталған бағыттағы жұмыстар өңірлерде белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Энергетика министрлігі баспасөз қызметі хабарлады. 

Атап айтар болсақ, Алматы облысындағы Шарын ауылында ұзындығы 64 км болатын газ құбырының құрылысы аяқталып, 1 200-ден астам үйге, мектепке, ауруханаға, балабақшаға және әкімшілік ғимараттарға газ қосылды. Ташқарасу және Бахарқ ауылдарында құрылыс жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жақын арада тағы 978 үй мен әлеуметтік нысандар газға қосылады.

Жоба Мемлекет басшысының тапсырмалары және Қазақстанды 2030 жылға дейін газдандырудың Бас сызбасы аясында «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Алматы облысында 1,2 миллионнан астам тұрғын немесе өңір халқының 77%-ы табиғи газға қол жеткізген. Облыста 373 елді мекеннің 157-сі, соның ішінде бес қала толық газдандырылды. Газ желілерінің жалпы ұзындығы 4 200 км-ден асады, ал жылдық тұтыну көлемі – 200 млн текше метр.

Жалпы, Қазақстан бойынша газдандыру деңгейі 62,4%-ды құрады. Бұл дегеніміз – 20,2 млн халықтың 12,6 миллионы табиғи газға қол жеткізген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға жоғары. 2024 жылы 4 000 км-ден астам газ құбыры салынып, 93 жоба іске асырылды. Биыл тағы 77 жобаны аяқтап, 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы неліктен байқалып отырғанын жазған едік.