Биыл Абай облысында инвестиция тарту 103,1 пайызға өскен

Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. 

— Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің оң өсім байқалды. Атап айтқанда, көлік саласында 123,4%, байланыста — 106,4%, өңдеу өнеркәсібінде — 101,3%, ішкі саудада — 105,9%, ауыл шаруашылығында — 102,8%, инвестицияда — 103,1% өсім тіркелді. 10 айда мемлекеттік бюджетке облыстан 137,3% өсіммен 441,4 млрд теңге салық пен басқа да міндетті төлемдер түсті. Оның 71,7% (316,7 млрд теңге) — республикалық, 28,3% — жергілікті бюджетке (124,7 млрд теңге) түсті, — деді Берік Уәли орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Өңір басшысының мәлімдеуінше, облыс құрылғанда бюджет көлемі 251,3 млрд теңге болса, бүгінде ол 2 есе өсіп отыр.

— Биыл облыс бюджетінің көлемі 500,9 млрд теңге болды. Бюджеттің 45,4%-ы (227,3 млрд теңге) әлеуметтік салаға бағытталған, — деп есеп берді әкім.

Айта кетсек, өңір басшысы Берік Уәли Семейдегі үш денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты