Биыл Ақтау портынан қазақстандық мұнай экспорты 53%-ға ұлғайды

Биылғы қаңтар-қыркүйекте қазақстандық мұнайды Ақтау портынан экспортқа тасымалдау көлемі 2 млн 484,8 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 864 мың тоннаға немесе 53%-ға артық, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ҚазМұнайГаз

"Атап айтқанда, Ақтау портынан Баку порты бағытында мұнай тасымалдау көлемі 870 мың тоннаға ұлғайып, 990,2 мың тоннаны құрады. Махачкала порты бағытында Ақтау портынан 1 млн 494,6 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілді, бұл 2022 жылдың 9 айымен салыстырғанда 5,9 мың тоннаға аз", - деп жазды "ҚазМұнайГаздың" баспасөз қызметі.

Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдау көлемін ұлғайтуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры бағытында Теңіз кен орнынан жылына 1,5 млн тонна мұнай тасымалдауды көздейтін келісім жасасты.

«ҚазТрансОйл» АҚ — Қазақстан Республикасының магистральдық мұнай құбыры жөніндегі ұлттық операторы. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км магистральдық мұнай құбырларының әртараптандырылған желісіне ие.